Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері белгілі болды. Ғылым және жоғары білім министрлігі грант иегерлерінің тізімін жариялады. Биыл 75 мыңнан астам талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады деп хабарлайды SteppeNews.kz.
2026_2027_ОҚУ_ЖЫЛЫНА_АРНАЛҒАН_БІЛІМ_БЕРУ_ГРАНТЫ_ИЕГЕРЛЕРІНІҢ_ТІЗІМІ
Мемлекеттік білім беру тапсырысы ел экономикасының ұзақ мерзімді кадр қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, гранттардың 60%-ы инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінді. Бұл мамандықтар елдің индустриялық және технологиялық дамуы үшін басым бағыттардың бірі саналады.
Гранттарды бөлуде өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне де басымдық берілген. «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алады.
Биыл грант тағайындау конкурсына шамамен 127 мың өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Көрсеткіш жастар арасында мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары білім алуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Гранттарды бөлу кезінде заңнамада қарастырылған әлеуметтік қолдау шаралары да сақталды. Атап айтқанда, әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге арналған квоталар қарастырылған. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурстан тыс гранттар беріледі.
Биыл мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға 1816 грант бөлінді.
Сонымен бірге қазақстандықтар халықаралық білім алу мүмкіндіктерін елден шықпай-ақ пайдалана алады. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мен шетелдік университеттерде білім алуға да гранттар қарастырылған.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранты жастарға тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, елдің болашағына қажетті білікті кадрларды даярлауға бағытталған мемлекеттік инвестиция саналады.
