Мыналарды білуіңіз керек
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 42-4-бабына сәйкес, тұтынушы құқылы: заңбұзушылықтарды жоюды талап етуге, тауардың немесе қызметтің кемшіліктерінен келген залалды өтеуді сұрауға.
Наразылық хат қалай жазылады?
Наразылық хат еркін түрде жазылады. Онда көрсетілуі тиіс:
қандай құқықтары бұзылғаны, тауардың немесе қызметтің кемшіліктері, тұтынушының талаптары (ақшаны қайтару, тауарды ауыстыру, кемшілікті жою және т.б.).
Наразылық хат қайда жолданады?
• Тікелей сатушыға (қабылданғаны туралы белгі алу қажет);
• Пошта арқылы сатушының заңды мекенжайына;
• Электронды түрде (e-mail немесе онлайн жүйелер арқылы).
Сатушының міндеттері
Сатушы (дайындаушы, орындаушы) міндетті:
• тұтынушының наразылығын қарауға,
• 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап беруге,
• өз ұстанымын растайтын құжаттардың көшірмесін қоса ұсынуға.
Егер жауап болмаса
Егер сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе немесе заңбұзушылықтарды жоюдан, шығынды өтеуден бас тартса, тұтынушы құқылы:
• уәкілетті органға жүгінуге,
• тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарға шағымдануға,
• қажет болған жағдайда сотқа арыздануға.
Тұтынушы жағдайында болған мысал
Түркістан облысының тұрғыны онлайн арқылы 350 000 тг-ге төсек-орын сатып алған. Бірақ жеткізілген кезде бір жамылғы жетіспеген. Сатушыға жазған наразылық хатына жауап болмаған соң, тұтынушы «Е-Өтініш» жүйесі арқылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Департаменттің араласуынан кейін сатушы өз қателігін мойындап, жетіспеген тауарды «Қазпошта» арқылы жіберген әрі тұтынушының 6 000 тг шығынын өтеген.
Осыған дейін Ақтөбеде шаң сорғыш алам деп басы дауға қалған тұтынушының құқығы қорғалғаны туралы жаздық.

