Ақтөбе қаласының №2 сотында автогаз құю станциясының иесіне қатысты үкім шығарылды. Бұл қайғылы оқиға салдарынан 45 жастағы әйел мен оның 10 және 6 жастағы екі қызы қаза тапқан болатын. Сот шешімімен АГЗС иесі 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Мой город басылымына сілтеме жасап.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға дәл осындай мерзім сұраған еді. Сотталушы жазасын ең төменгі қауіпсіздік колониясында өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.
Өрт қалай болды?
Қайғылы жағдай 2026 жылдың маусым айында орын алды. Отбасы қыздардың әкесінің інісіне тиесілі «Honda» көлігімен қалаға сауда жасауға бара жатқан. Жол жөнекей олар жазғы асүйге арналған тұрмыстық газ баллонын толтырып алуды шешкен.
Жәбірленушінің айтуынша, оператор баллонды багаждан шығармай-ақ газ құюға келіскен. Сыйымдылығы 30 литр болатын ыдысқа газ құйылған кезде есептегіш 42 литрді көрсеткен. Ер адам жұмысшыға тоқтауды айтып айғайлағанымен, жас оператор «Стоп» түймесін таба алмаған. Содан кейін жарылыс болып, арты өртке ұласқан.
Қыздардың әкесі бұл уақытта сыртта болған. Ал көлікті басқарған оның 54 жастағы ағасы қатты күйік алған. Әйел мен балалар жанып жатқан көлік салонында қалып қойған. Олардың денесі өрт сөндірілгеннен кейін табылды.
«Әйелім балалармен бірге бұған дейін дәретханаға шыққан еді. Мен оларды көлікте жоқ деп ойладым. Салонда қалғанын ағам кейін айтты», — деді зардап шеккен әке сотта.
Өрттен кейін полиция жарылыс қаупі бар объектілердегі қауіпсіздік ережелерін бұзу бойынша Қылмыстық кодекстің 281-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. АГЗС иесі қамауға алынып, 7 қыркүйекте сот процесі басталған болатын.
Қайтыс болғандардың туыстары айыпталушыны кешірді
Қыздардың әкесі жұбайының туыстарымен ұзақ ақылдасып, ойланғаннан кейін медиативтік келісімге келгенін айтты.
«Маған өте қиын, бірақ мен көндіктім. Көп ойландым, әйелімнің туыстарымен ақылдасып, сотталушымен медиативтік келісімге келісуге шешім қабылдадым. Мен оны кешірдім», — деді ол.
Өз кезегінде АГЗС иесі жазаны жеңілдетіп, жәбірленушілермен татуласқанын ескеруді сұрады. Оның айтуынша, ол материалдық және моральдық шығынды толығымен өтеген.
Сотталушы қайғылы оқиға күні станцияда уақытша оператор жұмыс істегенін, ал кешке оны студент інісі алмастырғанын жеткізді. Оның айтуынша, ол қызметкерлерге тұрақты түрде нұсқаулық жүргізіп отырған.
Сот отырысында тұрмыстық баллондарды құю мәселесі де көтерілді. Оның сөзінше, АГЗС-те мұндай әрекетке заң жүзінде тыйым салынғанымен, тұрғындар басқа жер таппағандықтан әлі де операторларға келе береді
Келесі материал: Ушкат көне қаласы: Қытайдағы тарихи жәдігер мен Хань дәуірінің сырлары
