Кездесуге Қазақстан СІМ өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар, ЮНИСЕФ, Қазақстандағы ЕО өкілдігі, халықаралық ұйымдар және өңірлік әкімдіктер қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша әрі қарайғы ынтымақтастықтың басымдықтары айқындалып, табысты практикаларды балаларды қорғау жөніндегі ұлттық саясаттар мен бағдарламаларға енгізу шешілді.
ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко бағдарламаның екінші кезеңінің сәтті аяқталуы Қазақстанның ЮНИСЕФ және ЕО-мен серіктестігінің нәтижелілігін көрсеткенін атап өтті. Ол еліміз қақтығыс аймақтарынан 700-ден астам азаматты, соның ішінде 526 баланы қайтарғанын және олардың орнықты реинтеграциясы үшін кешенді қолдау көрсетілгенін еске салды.
Оның айтуынша, бүгінде балалардың жетістіктері оң нәтижені дәлелдейді: Алматы облысында жасөспірім «Ақбота» зияткерлік марафонында 3-орын, Жетісу облысында бір оқушы халықаралық «Пони» байқауында 1-орын, ал Қарағанды облысында оқушы «English Vocabulary» олимпиадасында 2-орын алды.
ЕО өкілдігінің басшысының орынбасары Ааро Юлитало ЮНИСЕФ пен Қазақстан Үкіметімен бірлескен жұмыс балаларға, оның ішінде психологиялық жарақат алғандарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
«Балалардың өміріндегі оң өзгерістер қазірдің өзінде байқалады. Бұл – адам құқықтарын қорғау мен балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы күш-жігердің нәтижесі», – деді ол.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Рашед Мұстафа Сарвар да балалардың қажеттіліктеріне сезімтал әрі орнықты жүйенің қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
«Біздің ортақ міндетіміз – әр бала бастан өткерген тәжірибесіне қарамастан сапалы көмек алып, әлеуетін толық жүзеге асыра алуы», – деді ол.
Бағдарлама нәтижелері арасында:
-
репатриант-балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жүйесінің жаңартылуы;
-
балаларды қорғау қызметтерінің ұлттық стандарттарының енгізілуі;
-
20 өңірде травмаға сезімтал тәсіл бойынша мамандар даярланып, 500-ден астам қызметкердің біліктілігі арттырылуы;
-
кейс-менеджмент тәсілінің Психологиялық қолдау орталықтары үшін ұлттық деңгейде бекітілуі;
-
«Буындар арасындағы әңгімелер» әдісінің енгізіліп, педагогтарға арналған оқу материалдарының дайындалуы бар.
Кездесу аясында қатысушылар Түркістандағы Психологиялық қолдау орталығы мен Отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Түркістан облысында ер адам жұбайын өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсады.

