SteppeNews.kz: Азаматтық авиация комитеті терминал шатырынан су өткені үшін Алматы халықаралық әуежайын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
3 мамыр күні әлеуметтік желілерде нөсер жауыннан кейін әуежайдың тексеру және паспорттық бақылау аймақтарын су басқан кадрлар тараған болатын. Сонымен қатар, терминалдардың сыртқы іргелес аумағын да су алды.
Аталған жағдайға байланысты ведомство басшылығы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, әуежай әкімшілігімен шұғыл кеңес өткізді. Әуежай басшысы техникалық мәселелерге жауапты аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза жариялады.
Әуежай әкімшілігі жолаушылардан қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Қазіргі уақытта олқылықтарды жою жұмыстары жедел түрде жүргізіліп жатыр. Су басу себептерін толықтай жою және жөндеу жұмыстарын аяқтау алты ай ішінде жоспарланған.
Көлік министрлігі мұндай заң бұзушылықтардың алдағы уақытта да қатаң тыйылатынын атап өтті.
