Бір концерт үшін басқа қалаға баруға болады. Ал сүйікті әншің үшін басқа елге ұшып баруға ше? Энрике Иглесиастың жанкүйерлері үшін бұл сұрақтың жауабы дайын. Ташкент, Бішкек, Мәскеу және өзге қалалардан тыңдармандар қыркүйекте Қазақстанға жол тартады. Бірі Астананы таңдаса, енді бірі Алматыдағы концертке билет алған деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Бала күнгі арман Астанаға жетеледі
Ташкенттік 24 жастағы Одина Назарова үшін Энрике Иглесиастың Қазақстандағы концерті бала күнгі арманын орындауға мүмкіндік болып отыр.

Одина әншінің шығармашылығын бала кезінен тыңдайды. Ол кезде Энрикенің суреттерін телефонына сақтап, клиптерін қайта-қайта көретін болған.
«Бала күнімде Энрикеге кәдімгідей ғашық едім. Бір клипін көріп, “дүниедегі ең әдемі жігіт осы шығар” деп ойлағаным есімде. Суреттерін интернеттен іздеп, телефоныма сақтайтынмын. Клиптерін қанша рет көргенімді де білмеймін. Танымал әндерінің бәрін жатқа айтатынмын», — дейді Одина.
Арада жылдар өтсе де, әнші туралы жаңалық оның бала күнгі сезімін қайта оятқан.
«Энрикенің Қазақстанға келетінін естігенде, ойланбастан: “Мен сонда баруым керек!” дедім. Сөйтіп, бала күнгі арман мені Астанаға алып бара жатыр», — дейді ол.
«Қыздар, Алматыға барып қайтсақ қайтеді?»
Бішкекте тұратын Рузали Токмергенова-Шимарова үшін Энрике Иглесиастың әндері отбасылық естеліктермен байланысты.
Рузалидің ата-анасы Хулио Иглесиасты тыңдап өскен болса, өзі Энрикенің әндерімен бірге ер жеткен.

Былтыр ол құрбыларымен бірге әншінің концертіне бару үшін Абу-Дабиге арнайы ұшқан. Алайда бір концерт оның қызығушылығын баспаған.
«Керемет әсер алдық. Бір рет көру аздық етті десем болады. Алматыдағы концерт туралы естігенде, құрбыларымыздың бірі ортақ чатымызға: “Қыздар, Алматыға барып қайтсақ қайтеді?” деп жазды. Содан не керек, екі күннен кейін бәріміздің қолымызда билет болды», — дейді Рузали.
Оның айтуынша, бұл жолы Қазақстанға барудың тағы бір артықшылығы бар — Бішкекке жақын. Рузали қазақстандық жанкүйерлердің мүмкіндігіне де қызыға қарайды.
«Шынымды айтсам, қазақстандықтардың жолы болды. Біз Энрикені көру үшін былтыр Абу-Дабиге ұштық, биыл Қазақстанға бара жатырмыз. Ал сіздерге ешқайда барудың қажеті жоқ. Энрикенің өзі Қазақстанға келе жатыр ғой! Сондықтан әлі де ойланып жүргендер болса, мұндай мүмкіндікті жібермес едім. Біз басқа елден арнайы бара жатырмыз», — дейді ол.
Мәскеуден Алматыға — Hero әнін тағы бір рет бірге айту үшін
Мәскеулік Денис Домрачев үшін бұл концерт бұрынғы ерекше әсерді қайта сезінудің мүмкіндігі.
Ол Энрике Иглесиастың концертіне бірнеше жыл бұрын барған. Сол кештен есінде қалған ең жарқын сәт — мыңдаған адамның әншімен бірге Hero әнін орындағаны.

«Бүкіл залдың Энрикемен бірге Hero-ны айтқан сәті әлі есімде. Ондай атмосфераны ұмыту қиын. Сол кезде-ақ “тағы мүмкіндік болса, міндетті түрде барамын” деп шешкен едім», — дейді Денис.
Қазақстанды тур кестесінен көргенде, ол көп ойланбаған.
«Энрике Мәскеуге немесе жақынырақ жерге қашан келеді деп күткім келмеді. Қазақстанды көрдім де, билет алдым. Оның үстіне Алматыда бұрын тек жолай болғанмын. Енді қаланы асықпай аралап, концертке барғым келеді. Саяхат пен көптен тыңдап жүрген әншіңнің концертін қатар алып жүруге бұдан жақсы себеп бар ма?» — дейді ол.
Қазақстандықтардың концертке бару-бармауды әлі ойлап жүргенін естігенде, Денистің жауабы қысқа.
«Шынымен әлі ойланып жүрсіздер ме? Энрикенің өзі сіздерге келе жатыр ғой! Мен Мәскеуден ұшып барамын», — дейді ол.
Қыркүйекте олардың барлығын Қазақстан тоғыстырады
Бірі Ташкенттен, бірі Бішкектен, енді бірі Мәскеуден келеді.
Бірінің чемоданында бала күнгі арманы бар. Екіншісі былтырғы концерттің әсерін қайта сезінгісі келеді. Үшіншісі сүйікті әншісінің концертін Алматыға саяхатпен ұштастырмақ.
Қалалары мен оқиғалары әртүрлі болғанымен, қыркүйекте олардың барлығының бағыты бір — Қазақстан.
Энрике Иглесиас 3 қыркүйекте Астанадағы Astana Arena-да, ал 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетеді. Билеттер Freedom SuperApp пен Ticketon платформаларында сатылымда.
Әлемге әйгілі латынамерикалық әншінің Bailamos, Hero, Escape және Bailando сияқты хиттері бірнеше буын тыңдарманының жадында сақталған. Бірі бұл әндерді кассетадан тыңдап өсті, бірі музыкалық арналардан көрді, ал кейінгі буын оларды цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы қайта таныды.
Billboard басылымы Энрике Иглесиасты барлық уақыттағы ең үздік латынамерикалық әртістердің бірі ретінде атап өткен. Оның музыкалық жазбалары әлем бойынша 180 миллионнан астам данамен тараған.
Енді қазақстандық тыңдармандар бұрын экраннан көріп, радиодан тыңдаған әндерін мыңдаған жанкүйермен бірге жанды дауыста шырқай алады.
