Шетелдік блогерлердің Қазақстанға сапары бюджет есебінен қаржыландырылмайды.
«Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов Қазақстанға келетін тревел-блогерлердің қызметі қалай төленетінін түсіндірді.
“Блогерлермен жұмыс істеуге арналған бөлек бюджет жоқ. Жұмыс серіктестік және бартерлік негізде жүргізіледі. Блогерлердің посттарына ақша төленбейді. Арнайы қаржы бөлінбейді», — деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының төрағасы Талғат Ғазизов.
Блогерлердің шығындарын қонақүйлер, мейрамханалар, туроператорлар мен әуе компаниялары көтереді. Кейбір әуе компаниялары оларды тегін тасымалдауға келіседі. Ұлттық компания тек үйлестіруші рөл атқарып, бизнес өкілдерімен байланыс орнатуға көмектеседі.
Қазақстанға Қытай, Еуропа, Азия және ТМД елдерінен танымал контент авторлары шақырылады
Бұл елдер туризм үшін маңызды нарық саналады. АҚШ, Еуропа, Қытай елдерінен келген блогерлер Қазақстанды жаңа аудиторияға таныстырып, туризмді дамытуға ықпал етеді. Блогерлер елдің туристік имиджін көтеруге үлес қосады
Қазақстанға келетін тревел-блогерлерге бюджеттен тікелей ақша төленбейді. Мұнда тек туристік индустрияның әртүрлі ойыншысы өзара пайда табады.
