Президенттің 2026 жылғы Жолдауындағы негізгі бастамалардың бірі – ауқымды инфрақұрылымдық құрылысты бастау. Оның мақсаты – «технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы қуатты әрі бәсекеге қабілетті, инфрақұрылымы заманауи, өмір сүру деңгейі жоғары, әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндігі бар сапалы жаңа ел құрып, оны келер ұрпаққа табыстау».
Ауылдық аудандар үшін бұл – халықтың өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашатын бастама.
Соңғы жылдары Қазақстан инфрақұрылымды жаңарту бағытында айтарлықтай ілгеріледі. Дегенмен қала мен ауылдағы өмір сүру жағдайларын жақындату үшін әлі де мүмкіндік бар.
Үкімет жариялаған 2025 жылғы бағалауға сәйкес, Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша нысандармен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда орта есеппен 89,1%-ды, ал ауылдарда 67,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер алдағы инвестициялардың қай жерде халыққа көбірек пайда әкелетінін анықтауға мүмкіндік береді.
Ішкі көші-қон ауқымы аудандарды дамытудың маңызын одан әрі арттырып отыр. 2025 жылы ауыл халқының қалаларға таза көші-қон ағыны 129,4 мың адамға жетті. Бұл – 2000–2025 жылдар аралығындағы ең жоғары көрсеткіш.
Мұндай үрдіс аудандардың өзінде жұмыс істеу мен өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын күшейтеді.
Инфрақұрылымға салынған инвестициялар қосымша жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету бизнесті орналастыру шығындарын азайтады, ал тұрғын үй мен әлеуметтік қызметтердің дамуы мамандарды тартуға және олардың өңірде тұрақтап қалуына ықпал етеді.
Сұранысқа ие кәсіпкерлік жобалар болған жағдайда құрылыс аяқталғаннан кейін де экономикалық белсенділік жалғасады. Тұрақты жұмыс орындары ашылады, жергілікті жеткізушілерге тапсырыстар көбейеді, жаңа қызмет түрлері пайда болып, халықтың табысы артады.
Сондықтан инвестициялардың экономикалық нәтижесін бағалау кезінде тек салынған нысандардың санын ғана емес, қаншалықты жеке инвестиция тартылғанын, қанша жұмыс орны құрылғанын және салық түсімдерінің қалай өзгергенін де ескеру маңызды.
Бұл жерде қабылданатын шешімдердің өзара үйлесімділігі ерекше рөл атқарады. Өндіріс тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымға қарағанда жылдамырақ дамуы мүмкін. Ал жаңа қоғамдық нысандар жұмыспен қамту перспективаларын ескермей салынуы ықтимал.
Ауданның ұзақ мерзімді даму жоспары осы үдерістерді алдын ала салыстырып, халық пен экономиканың болашақ қажеттіліктерін ескере отырып, инвестициялардың реттілігін анықтауға мүмкіндік береді.
Қаражаттың тиімсіз жұмсалу қаупін азайту үшін мұндай жоспарларды облыстар мен ауылдық аудандар деңгейінде нақтылау қажет.
Нысандардың орналасуы мен қуатын демографиялық болжамдарды, жұмыспен қамту перспективаларын және тұрғындардың пікірін ескере отырып анықтау керек. Атап айтқанда, халыққа қандай қызметтер қажет екенін және қандай жағдайлар олардың өз ауданында қалып, өмір сүріп, жұмыс істеуіне ықпал ететінін білу маңызды.
Ауданда жұмыс таңдау мүмкіндігі кеңейіп, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасалып, балалардың дамуына қолайлы орта қалыптасқан сайын, отбасылардың болашағын осы өңірмен байланыстыруына негіз көбейеді.
Экономикалық мүмкіндіктер мен сапалы өмір сүру ортасының үйлесуі ауданның ұзақ мерзімді тұруға тартымдылығын арттырып, халықтың басқа жаққа көшуін азайтуға алғышарттар қалыптастырады.
Бұл тартымдылықты тұрғындар арасында сауалнама жүргізу арқылы да бағалауға болады. Ал инвестициялардың нәтижесін жұмыспен қамту деңгейіндегі, жеке инвестициялар көлеміндегі және салық түсімдеріндегі өзгерістер арқылы анықтауға болады.
Автор: Фатима Герфанова, Qazaq Expert Club-тың өңірлік даму саласындағы сарапшысы
Келесі материал: Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Жолдауы: қандай маңызды мәселелер көтерілді?
