Қытайдың «Бұқа келді» анимациялық фильмі прокатқа шыққаннан кейін күтпеген жетістікке жетті. Көрермендер «жылдың ең нашар мультфильмі» деп атаған туынды небәрі бірнеше күн ішінде Қытайдағы ең көп талқыланған фильмдердің біріне айналып, 18 млн юаньнан астам касса жинады. Бұл туралы SteppeNews.kz хабарлайды.
48 сағатта сәтсіздіктен үлкен табысқа
2026 жылғы 8 тамызда Қытай кинотеатрларында «Бұқа келді» анимациялық фильмі көрсетіле бастады. Туындының жарнамасы да, трейлері де болмаған. Алғашқы көрермендердің назарын дәстүрлі қытай кескіндемесі стиліндегі постерлер аударған. Онда жұмсақ сызықтар, тұманды таулар мен табиғат көріністері бейнеленіп, фильм «есейу мен батылдық туралы оқиға» ретінде ұсынылған.
Алайда фильмді көрген көрермендердің пікірі мүлде өзгеше болды. Көпшілік үш өлшемді графиканың сапасын сынға алып, кейіпкерлердің қозғалысы біркелкі емес екенін, олардың бейнесі фонмен қабаттасып кететінін, диалогтардың жасанды естілетінін және субтитрлерде қателер болғанын жазды.
Прокаттың алғашқы тоғыз күнінде фильм небәрі 7 169 юань, яғни шамамен 1 060 доллар жинап, ел бойынша 236 көрермен ғана тамашалаған. 14 тамызға қарай фильмнің көрсетілімі тәулігіне алты сеансқа дейін қысқарған.
Алайда жағдай әлеуметтік желілерде кинотеатрдағы көрсетілімдерден түсірілген видеолар тарағаннан кейін күрт өзгерді. Көрермендер фильмдегі сәтсіз анимациялық көріністердің соншалықты нашар болғанын, тіпті күлкілі әсер қалдырғанын талқылай бастады.
Осыдан кейін көрермендер арасында «тарихтағы ең нашар фильмді» өз көзімен көруге деген қызығушылық пайда болды. 15 тамыздың өзінде фильмнің бір күндік кассасы 876 мың юаньнан асты. Ал 18 тамызға қарай жалпы табыс 18 млн юаньнан асып кетті. Сарапшылардың болжамы бойынша, фильмнің кассасы 135 млн юаньға дейін жетуі мүмкін.
Осылайша «Бұқа келді» 2026 жылғы Қытайдың ең көп табыс әкелген анимациялық жобаларының ондығына енді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бес жылда анасы мен ұлы жасаған мультфильм
Фильмнің күтпеген жетістігінің артында ерекше тарих жатыр.
Режиссер Синь Юймэн 1992 жылы туған және арнайы кино білімін алмаған. Оның басты серіктесі – 60 жастан асқан анасы Сунь Лифан.
Екеуі фильмді жасаудың барлық кезеңін өздері атқарған. Синь Юймэн режиссер, сценарист, аниматор, монтажшы, дыбыс режиссері әрі актер ретінде жұмыс істеген. Ал анасы жекелеген көріністердің сценарийін жазып, әйел кейіпкерлерін дыбыстаған және фильмнің соңғы әнін орындаған.
Мультфильмді жасауға бес жыл кеткен. Ал бюджеті бірнеше ондаған мың юань болған.
Фильмді шығарған «Далянь Цзинъюань Вэньхуа» компаниясының жарғылық капиталы 100 мың юаньды құрайды, ал штатында небәрі бір қызметкер болған. Компания бұған дейін ғимараттарды жөндеу және әрлеу саласында жұмыс істеген. Киноиндустрияға 2021 жылы ғана қайта тіркелген.
Дайын фильмді көрген дистрибьюторлар авторларға оны кинотеатрларға шығарудан бас тартуға кеңес берген. Алайда режиссер фильмді бес жыл бойы жасағанын айтып, туындыны көрерменге ұсынуға шешім қабылдаған.
Цензура, қауесет және «бұқа» символикасы
Фильмнің төңірегінде бірнеше сұрақ пайда болды. Соның бірі – техникалық сапасы сынға түскен туындының мемлекеттік прокат сертификатын қалай алғаны.
Қытайдағы сертификаттау жүйесі негізінен фильм мазмұнында тыйым салынған тақырыптардың болмауын бақылайды. Ал техникалық сапаға қойылатын талаптар салыстырмалы түрде төмен. «Бұқа келді» фильміндегі батылдық, есейіп-жетілу және өлімді қабылдау туралы негізгі идеялар талаптарға қайшы келмеген.
Сондай-ақ фильмді ақша жасыру немесе субсидия алу мақсатында түсірді деген болжамдар айтылды. Алайда фильмнің 2024 жылы бекітілгені, ал тиісті өңірлік субсидиялардың 2025 жылы ғана пайда болғаны бұл болжамды әлсіретеді.
Фильмнің атауы да оның танымал болуына әсер еткен факторлардың бірі болды. «Ню Лай» атауы қытай тілінде айтылғанда «бұқа нарығы келді» деген мағынаға ұқсас естіледі. Биржадағы тұрақсыздық жағдайында бұл атау инвесторлар үшін сәттілік әкелетін символға айналған. Кейбір көрермендер фильмге «бұқаны шақыру» ниетімен билет сатып алған.
Көрермендер фильмнен күлкі мен көңіл көтерудің жаңа формасын тапты
Нәтижесінде «Бұқа келді» жай ғана мультфильм емес, әлеуметтік желілердегі талқылаулардың, мемдер мен пародиялардың тақырыбына айналды.
Кинотеатрларда көрермендер кейіпкерлердің сәтсіз қозғалыстарына күліп, фильм туралы пікірлерін әлеуметтік желілерде бөлісті. Кейбір жанкүйерлер танымал фильмдердің атауларын «бұқа» тақырыбына бейімдеп, түрлі пародиялық постерлер жасады.
Кей көрермендер фильмді көруге жұмсаған 20 юаньның өзін көңіл көтеруге кеткен тиімді шығын деп бағалаған.
Мамандардың пікірінше, фильмге деген қызығушылық қоғамдағы психологиялық қысымнан уақытша арылуға деген сұраныспен байланысты болуы мүмкін. Экономикалық тұрақсыздық пен жоғары бәсекелестік жағдайында әдейі мінсіз болуға тырыспайтын, қарапайым әрі шынайы туынды көрерменге жеңілдік сезімін сыйлайды.
Фильм авторлары көрермендерге алғыс білдіретін ресми мәлімдеме де жариялады. «Бұқа келді» феноменінің қаншалықты ұзаққа созылатынын уақыт көрсетеді. Әзірге Қытай кинотеатрларында ерекше жағдай қалыптасты: көрермендер «ең нашар» деп бағалаған фильм күтпеген жерден жылдың басты хиттерінің біріне айналды.
