Кәсіпорынға қарасты «Арай» су алу құрылымы қаланың «Арай» шағын ауданы мен сол жағалау халқын тіршілік нәрімен қамтып отыр. Биыл мұнда 5 эксплуатациялық барлау ұңғымасын бұрғылауға бюджет қаражаты есебінен 420,5 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде жұмыс аяқталуға жақын.

– Бұл жерде 13 ұңғыма бар. Жоспарланған 5 ұңғыманың 4-еуін бұрғылау аяқталды. Бұл жұмыстардың нәтижесі «Арай» шағын ауданы мен сол жағалау халқын толық көлемде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сол жағалауда халық саны өсіп келеді. Сондықтан көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатына баратын судың қысымын арттыруға да септігін тигізеді, — деді «Қызылорда су жүйесі» МКК «Арай» су алу құрылымының учаске басшысы Жүніс Айтілесов.
Жуырда Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай Үкіметке сауал жолдап, ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштері туралы ресми деректердің шындықпен сәйкеспейтінін сынаған болатын.

