Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Мемлекет басшысының экономиканың жаңа өсу моделін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндама жасады деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
Оның сөзінше, бүгінде Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету және елдің инвестициялық әрі экономикалық әлеуетін арттыру.
«Халықтың нақты табысын арттыру Үкімет үшін негізгі басымдық болып саналады. Ол үшін Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыруда. Сондай-ақ биыл біз Халықтың табысын арттыру бойынша жеке бағдарлама қабылдадық», – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, алдағы кезеңде жалақы көлемін ұлғайту, жаңа әрі тұрақты жұмыс орындарын ашу, азаматтардың қарыз жүктемесін азайту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Сонымен бірге еңбек өнімділігін арттыру және өзара міндеттемелерді орындау тетіктері негізінде ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілер мен жалдамалы жұмыскерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен көтеру мәселесі қаралады.
Жиында халықтың кредиттік жүктемесі мен тұтынушылық несиелер көлемінің артуы да талқыланды. Үкіметтің басты мақсаты – азаматтардың нақты табысының жыл сайынғы өсімін 2–3 пайыздан жоғары деңгейде сақтау.
Сондай-ақ бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендетуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылатыны айтылды.
