Ерлі-зайыптылар бірінші ханымға қатысты «трансгендер» деген мәлімдемені «ғылыми сипаттағы» сараптамалық қорытындылар арқылы жоққа шығаруды жоспарлап отыр.
Кэндис Оуэнс бірнеше рет Брижит Макронды жынысын ауыстырған әйел деп айыптап келген. Бұған жауап ретінде Францияның бірінші жұбы сот арқылы өздерінің абыройы мен шындығын қорғауға бел буды.
«Біз Брижит Макронға қатысты айтылғандардың барлығы жалған екенін толық көлемде дәлелдеуге дайынбыз», — деді Макрондар отбасының адвокаты Том Клэр шетелдік БАҚ-қа.
Оның айтуынша, сот процесінде «ғылыми негіздегі» сарапшылардың қорытындылары ұсынылады.
Брижит Макрон — үш баланың анасы. Ол Эммануэль Макронмен Амьендегі мектепте сабақ берген кезде танысқан. Сол кезде болашақ президент оқушы болған, олардың жас айырмасы 24 жыл.
Франция президенті тамыз айында жұбайымен бірге К.Оуэнске қарсы сотқа жүгінуге «міндетті» екенін атап өтіп, бұл «шындыққа құрмет көрсетудің жалғыз жолы» екенін айтқан.
Сонымен қатар ол мұндай әрекет «Стрейзанд әсерін» туғызуы мүмкін екенін, яғни мәселеге назарды одан сайын арттыру қаупін жоққа шығармады.
Адвокат Том Клэрдің айтуынша, сот процесінде президент пен оның жұбайы да куәлік береді.
«Бұл отбасы үшін аталған процесс аса ауыр әрі қолайсыз. Алайда, олардың айтылған айыптаулардың жалған екенін ашық алаңда дәлелдеуге қаншалықты сенімді екенін көрсетеді», — деді ол.
Бұған дейін Макрон зайыбы туралы жалған мәлімдеме жасаған әйелді сотқа бергені хабарланған болатын.

