«Қайрат» футбол командасының қайратты ойыншысы Дастан Сәтпаев кезекті голдарын соғып, өз клубының алаңындағы соңғы ойынын өткізді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Фото: f.c.kairat/ Instagram парақшасы
17 маусым күні Алматы қаласының «Орталық стадионында» «Қайрат» пен «Қызылжар» футбол командаларының ойыны өтті. Қазақстан Премьер-лигасының 17-турының бұл кездесуі клуб академиясының түлегі Дастан Сәтпаев үшін сары-қара жейдедегі соңғы ойын болды. Белгілі шабуылшы осы жазда лондондық «Челси» командасына кетеді.
Сәтбаев матчтың 59-минутында есеп ашып, ал ойын соңында дубль жасап, «Қайрат» футбол клубының 3:1 есебімен жеңіске жетуін қамтамасыз етті. Финалдық ысқырықтан кейін клуб тарихындағы әйгілі ойыншы өз жанкүйерлерінің толассыз қошаметіне бөленіп, алаңнан шықты.
Дастанның жанкүйерлерімен қоштасуы, жиналған қауымның сүйікті ойыншысына деген құрметі мен ыстық ықыласы ерекше көңіл толқытты. Клуб тарихында жарқын із қалдырған Дастанды қимай, көзіне жас алған бүлдіршіндер де болды.
Осы ерекше қоштасу сәтіне орай, «Қайрат» футбол командасының әнұранына айналған «Алматы – ең алғашқы махаббатым» әнінің орындаушысы Төреғали Төреәлі арнайы алаңға шықты. Ол стадион трибуналарының алдында Дастан Сәтпаевқа арнап жазылған жаңа туындысын шырқап, кешті одан әрі есерледі.
Анықтама үшін айта кетсек, Дастан сегіз жасында «Қайрат» академиясына қабылданып, жастар командасындағы 2023–2024 жылдардағы маусымда 28 матчта 27 гол соғып, ең үздік ойыншы атанған болатын. Негізгі құрамда 2024 жылы дебют жасап, 2025 жылдың шілдесінде словениялық «Олимпия» қақпасына гол соқты және 16 жасында Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторы ретінде рекорд орнатты.
Сондай-ақ ол 2025 жылдың 20 наурызында Кюрасао құрамасымен өткен матчта Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы ең жас ойыншы атанса, қараша айында Бельгия қақпасына доп енгізіп, бас команданың да ең жас гол авторы ретінде тіркелді.
Лондондық «Челси» клубы Сәтпаевты сатып алу туралы мәмілені 2025 жылдың ақпанында рәсімдеген. Трансфердің жалпы құны қазақстандық футбол тарихындағы абсолютті рекордты орнатып, 4,3 миллион еуроны құрады. Бес жылдық келісімшарт бойынша жас шабуылшының жалақысы айына шамамен 14 000 фунт стерлингті құрайды деп күтілуде.
ФИФА регламентіне байланысты футболшы кәмелеттік жасқа толғанға дейін ағылшын клубына ресми қосыла алмағандықтан, осы уақытқа дейін «Қайратта» жалға алу құқығымен өнер көрсетіп келді. Осы маусым айында форвард «Челсидің» орналасқан жеріне аттанады, ал заңды түрде ол өзінің 18 жасқа толатын күні — 2026 жылдың 12 тамызында лондондық клуб құрылымының толыққанды ойыншысы ретінде танылатын болады.
Дастан Сәтпаев өзінің жеке Instagram парақшасында жанкүйерлер мен ұжымға алғыс айтып, әсерлі пост жариялады:
Рақмет, «Қайрат»!
Өмірімнің ең маңызды жылдары осы клубпен байланысты. Осында өсіп, білім алып, күнде өзімді дамытуға тырыстым. Бұл клуб маған үлкен футболдағы алғашқы қадамымды жасап, арманымның соңынан жүруге мүмкіндік берді.
Қолдауын әрдайым сезінген жанкүйерлерге рақмет. Академиядағы барлық бапкерге, негізгі команданың бапкерлер штабына, клуб басшылығына, Қайрат Советайұлына, алаңдағы барлық серіктесіме алғыс айтамын!
Сары-қара жейдені кию мен үшін үлкен мәртебе болды. Бұл сәттер жүрегімде мәңгі сақталады! — деп жазды жазды ол өз жазбасында.
Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания KZ31VPY00089099 от 15.03.2024 г. Выдано Комитетом информации Министерства информации и коммуникаций Республики Казахстан