Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңінде өнер көрсетіп, жарысты ширек финал сатысында аяқтады деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Бұл турнир отандасымыз үшін ерекше болды. Себебі Нұрбек алғаш рет 90 келіге дейінгі жаңа салмақ дәрежесінде бақ сынады. Бұған дейін ол 80 келі салмақта өнер көрсетіп, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері және 2023 жылғы әлем чемпионы атанған еді.
Нұрбек жарысты сенімді бастады. 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Ким Гичхэмен кездескен қазақстандық боксшы қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберіп, екінші раундта техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Алайда ширек финалда оған әлем чемпионы, өзбекстандық Турабек Хабибуллаев қарсы тұрды. Тартысты өткен кездесудің алғашқы раундында төрешілер басымдықты Нұрбекке берді. Дегенмен кейінгі раундтарда өзбек боксшысы есепті теңестіріп, жекпе-жек соңында төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Нұрбек Оралбай Әлем кубогының екінші кезеңіндегі жарысын ширек финалда аяқтады. Соған қарамастан, оның жаңа салмақ дәрежесіндегі алғашқы халықаралық турнирдегі өнері жанкүйерлер мен мамандар тарапынан оң бағасын алды.
