Балқанабат қаласындағы «Түркімен кестелеу өнері – ұлттық мұрамыз» ғимаратында осы аттас байқаудың аймақтық кезеңі мәресіне жетті. «Тәуелсіз бейтарап Түркіменстан – мақсатшыл қанатты арғымақтар мекені» жылы аясында ұйымдастырылған дүбірлі бәйгеде Балқан уәлаятының этраптары мен қалалық кезеңдерінде озып шыққан шеберлер бақ сынасты, деп жазады SteppeNews.kz.
Шараға Түркіменстан Әйелдер одағының Орталық кеңесі, Кәсіподақтар ұлттық орталығы, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығы мен Телевизия, радиохабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитет ұйытқы болды. Бұл салтанатты жиын ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық кестелеу өнерінің қуатты мемлекеттің қайта өрлеу дәуірінде жаңаша сипатқа ие болғанын айқын көрсетті.

Сайыстың басты мақсаты – дәстүрлі кестелеу өнерін кеңінен дәріптеу және өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншілікті дамыту. Қатысушылар өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп, кесте дайындаудың нәзік сырларын ортаға салды. Олар ұлттық өрнектермен көмкерілген киім үлгілерін таныстырып қана қоймай, бұйымдардың шығу тарихын өлең-жырлармен, ғибратты аңыздармен шебер өре білді.

Сайыс қорытындысы бойынша Есенгулы этрабынан келген қолөнершілер тобы топ жарып, 1-орынды иеленді әрі мемлекеттік кезеңге жолдама алды. Ал 2-орынды Балқанабат қаласының құрамасы қанжығасына байласа, 3-орын Түркіменбашы қаласының шеберлеріне бұйырды.
Байқау жеңімпаздары мен барша қатысушыларға арнайы естелік сыйлықтар табыс етілді.
Келесі материал: Профессор Ху Чжэнхуа «Манас» академиясының құрметті академигі атанды
