Өзбекстанда жазасын өтеп жатқан 18–30 жас аралығындағы азаматтарға білім алып, жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік беретін «Екінші мүмкіндік» ұлттық жобасының алғашқы нәтижелері жарияланды. Бастама аясында 300-ден астам адам ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылық курстарынан өтіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға қажетті шығынды толығымен UNICON-SOFT компаниясы қаржыландырады, деп жазады SteppeNews.kz Gazeta.uz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Бес айдың қорытындысы бойынша қатысушылардың 88,6 пайызы ағылшын тілінен A1 деңгейіндегі базалық білімді меңгерген. Ал компьютерлік сауаттылық курсын тыңдаушылардың 79,5 пайызы сәтті аяқтаған.
Қазіргі уақытта жоба елдегі жазаны өтеу мекемелерінің 11-інде жүзеге асырылып жатыр. Оған барлығы 311 сотталған азамат қатысқан. Алғашқы сабақтар 1 маусымда Ташкент, Науаи және Қашқадария облыстарында басталған. Қатысушылар арнайы тестілеу мен ауызша әңгімелесу нәтижесінде іріктелген.
Аймақтар бойынша ең жоғары көрсеткіштер Қашқадария мен Науаи облыстарында тіркелген. Қашқадарияда қатысушылардың 96,6 пайызы ағылшын тілін A1 деңгейінде меңгерсе, 98,3 пайызы компьютерлік сауаттылық курсын аяқтаған. Науаи облысында бұл көрсеткіштер тиісінше 98,9 және 87,5 пайызды құрады.
Сонымен қатар Қызылтепе ауданындағы №5 және Қаршы қаласындағы №3 түзеу мекемелерінде екі бағыт бойынша да барлық тыңдаушы оқу бағдарламасын толық меңгерген.
Білім деңгейін бағалау кезінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін тәуелсіз сарапшылар тартылған. Қатысушылардың білімі оларды оқытатын мұғалімдер тарапынан емес, арнайы мамандардың қатысуымен тексеріледі. Бақылау сынақтары ай сайын арнайы платформада өткізіледі.

Жоба президент бастамасымен қолға алынған
«Екінші мүмкіндік» ұлттық жобасын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 24 ақпанда Көксарай резиденциясында жастармен кездесуі кезінде ұсынған. Мемлекет басшысы жазасын өтеп жатқан жастардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуі мен жұмысқа орналасуына жағдай жасаудың маңызын атап өткен.
27 наурызда бастаманы жүзеге асыруға қатысты тиісті қаулы қабылданды. Жобаның негізгі мақсаты – жазасын өтеп шыққан азаматтардың жұмыссыз қалуына жол бермеу және қайталама қылмыстың алдын алу.
Алғашқы кезеңде жоба үш облыста пилоттық режимде жүзеге асырылса, 2027 жылдан бастап оны елдегі барлық жазаны өтеу мекемелеріне енгізу жоспарланып отыр.

Қандай мамандықтарды меңгеруге болады?
Жобаға 18–30 жас аралығындағы, алғаш рет бас бостандығынан айырылған және аса ауыр емес қылмыстар жасағаны үшін сотталған азаматтар қатыса алады. Ақпараттық технологияларды пайдаланып қылмыс жасаған адамдар бағдарламаға жіберілмейді.
Оқу курстары 8–12 айға есептелген. Қатысушылар 12 ай ішінде ағылшын тілін A1 деңгейінен B2 деңгейіне дейін меңгеріп, бірнеше кәсіби бағыт бойынша білім алады.
Оқу бағдарламасына мыналар кіреді:
- ағылшын тілі;
- компьютерлік сауаттылық;
- компьютерлік қызмет көрсету және желілік технологиялар;
- Soft skills (икемді дағдылар);
- деректерді талдау;
- маркетплейстерде кәсіпкерлік қызмет жүргізу.
Курсты сәтті аяқтағандарға алған мамандығы бойынша электронды біліктілік сертификаты беріледі. Құжат Өзбекстанның бүкіл аумағында танылады.
Жобаны жеке компания қаржыландырады

«Екінші мүмкіндік» жобасының ерекшелігі – оны жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бағдарламаның барлық шығынын UNICON-SOFT компаниясы өз қаражаты есебінен өтеп отыр.
Компания оқытушылардың жалақысын төлеу, оқу кабинеттерін компьютерлермен, электронды тақталармен және жиһазбен жабдықтау, әдістемелік материалдар мен кеңсе тауарларын қамтамасыз ету міндеттерін өз мойнына алған.
Бұдан бөлек, 29 тамызда Жазаны орындау департаменті, UNICON-SOFT, «Ватан» университеті, MAAB Innovation және SZS Trucking компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.
Келісім аясында «Ватан» университеті жобаның үздік түлегіне жыл сайын төрт жылдық тегін білім грантын ұсынуға ниет білдірген. Ал Microsoft компаниясының Өзбекстандағы алғашқы ресми серіктестерінің бірі саналатын MAAB Innovation компьютерлік сауаттылық пен ағылшын тілін жақсы меңгерген қатысушыларға деректерді талдау бойынша арнайы курстарды тегін өткізуді ұсынған.
SZS Trucking компаниясы да ағылшын тілін жақсы меңгерген жоба түлектерін қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларына қатыстырып, кейін жұмысқа қабылдауға дайын екенін мәлімдеген.
Шетелдік тәжірибемен салыстырғанда жобаның ерекшелігі неде?
Бас бостандығынан айырылған азаматтарды IT және цифрлық мамандықтарға оқыту халықаралық тәжірибеде де кездеседі. Мәселен, АҚШ-та 2014 жылы Калифорниядағы Сан-Квентин түрмесінде The Last Mile (Code.7370) бағдарламасы іске қосылған. Оның мақсаты – сотталғандарды бағдарламалау мен технология саласына үйрету.
Кейін осы тәжірибеге сүйене отырып, Ұлыбританияда Code 4000 жобасы пайда болды. Сондай-ақ Австралия, Франция, Чили және Жаңа Зеландияның жекелеген түзеу мекемелерінде осындай бастамалар тәжірибе жүзінде жүзеге асырылған.
Өзбекстандағы жобаның басты ерекшелігі – оның ұлттық деңгейде қолға алынуы және мемлекеттік қаулы негізінде жүзеге асырылуы. Сонымен қатар білім алған түлектерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жеке сектор өкілдерінің қатысуы бағдарламаның әлеуметтік маңызын арттырады.
Жалпы, «Екінші мүмкіндік» жобасы жазасын өтеп жатқан жастардың білім алуына, кәсіби дағдыларын дамытуына және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған. Бастаманың түпкі мақсаты – олардың еңбек нарығында өз орнын тауып, тұрақты табыс табуына жағдай жасау арқылы қайталама қылмыс деңгейін төмендету.
Келесі материал: Қырғызстанда некеге тұрар алдында міндетті медициналық тексеруден өту ұсынылды
