Қазақстанда Changan UNI-S 4WD жаңа кроссоверін сату басталды. Автокөлік Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытында шығарылады. Жаңа модель толық жетекті жүйесімен және Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген жабдықтарымен ерекшеленеді.

Changan брендінің ресми дистрибьюторының мәліметінше, UNI-S 4WD қала ішінде жүруге, ұзақ сапарларға және белсенді демалысқа арналған. Кроссовер бір ғана жинақтамада ұсынылады. Оның бағасы — 11 790 000 теңге. Өндіруші автокөлікке 5 жыл немесе 150 мың шақырымға дейін кепілдік береді.
«Қазақстан үшін автокөліктің әртүрлі пайдалану жағдайларына дайын болуы аса маңызды. Жыл бойы жүргізушілеріміз қатты аязға да, аптап ыстыққа да, күрделі жол жағдайларына да тап болады. Сондықтан біз қазақстандықтарға қала көшелерінде, тасжолда, отбасылық саяхататрда бірдей қолайлы болатын заманауи әрі жақсы жабдықталған кроссовер ұсынуға ұмтылдық», – деді Changan Kazakhstan дистрибуция директоры Денис Коломацкий.
Қозғалтқышы мен техникалық мүмкіндіктері
Changan UNI-S 4WD 1,5 литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышымен жабдықталған. Оның қуаты 181 ат күшіне, ал айналу моменті 280 Н·м-ге жетеді. Қозғалтқыш 7 сатылы қос іліністі роботтандырылған беріліс қорабымен (7DCT) үйлеседі. Кроссовер 100 км/сағ жылдамдыққа 9,5 секундта жетеді.
Жүргізушіге Eco, Normal және Sport режимдерінен бөлек, қар, балшық пен құмда қозғалысқа арналған Snow, Mud және Sand режимдері қолжетімді. Сондай-ақ төмен түсу мен өрге көтерілу кезінде көмектесетін жүйелер қарастырылған.

Қазақстан нарығына арналған нұсқада толық жетекті жүйе, көлемі 68 литрге дейін ұлғайтылған жанармай багы және қозғалтқышты −40°C температурада іске қосу мүмкіндігі бар. Кроссовер АИ-92 бензинін пайдалануға бейімделген. Мәлімделген жанармай шығыны 100 шақырымға 8,3 литрді құрайды. Ал бір толық бакпен жүріп өту қашықтығы шамамен 820 шақырымға жетеді.
Қыс мезгілінде жайлылықты қамтамасыз ету үшін алдыңғы және артқы орындықтарды, рульді, әйнектерді, айналарды және әйнекжуғыш форсункаларын жылыту функциялары орнатылған. Сонымен қатар қозғалтқышты қашықтан іске қосуға болады.
Салоны мен жабдықтары
Кроссовердің сыртқы дизайнында жарықдиодты оптика, артқы спойлер, 19 дюймдік жеңіл қорытпалы дискілер және электр жетегі бар панорамалық шатыр қарастырылған. Сатып алушыларға шанақтың бес түсі мен салонды әрлеудің үш нұсқасы ұсынылады.

Салон интерьерінде ойықталған экобылғары, жұмсақ қаптамалар және атмосфералық жарықтандыру қолданылған. Жүргізуші орындығы электр арқылы реттеледі және баптауларды есте сақтау функциясымен жабдықталған. Алдыңғы орындықтарда желдету жүйесі бар.
Мультимедиа жүйесінің дисплейі 14,6 дюймді құрайды. Ол Apple CarPlay және Android Auto жүйелеріне сымсыз қосылады. Жүргізушіге арналған 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі де орнатылған. Мәзір қазақ, орыс, ағылшын және өзбек тілдерінде қолжетімді.

Жабдықтар қатарына екі аймақты климат-бақылау, смартфонды сымсыз қуаттау құрылғысы және көлемі 475 литр болатын электр жетекті жүксалғыш кіреді.

Қауіпсіздік жүйелері
Changan UNI-S 4WD моделінде жүргізушіге көмектесетін бірнеше электронды жүйе бар. Олардың қатарында Stop&Go функциясы бар адаптивті круиз-бақылау, жаяу жүргіншілерді анықтайтын автоматты шұғыл тежеу жүйесі, соқыр аймақтарды бақылау және қозғалыс жолағында ұстап тұру функциялары бар.
Сондай-ақ автокөлік 360 градусқа шолу камераларымен, қашықтан тұраққа қою жүйесімен және алты қауіпсіздік жастығымен жабдықталған.
Changan брендінің Қазақстандағы көрсеткіштері
Компания мәліметінше, Changan қазір Қазақстандағы қытайлық автомобиль брендтері арасында сатылым көлемі бойынша көш бастап тұр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бренд автокөліктерінің сатылымы 15,6 мың данадан асқан.
Осы кезеңде бренд жалпы сатылым рейтингінде сегізінші орыннан төртінші орынға көтеріліп, нарықтағы үлесін 5 пайыздан 9 пайызға дейін арттырған.
Қазіргі уақытта Changan автокөліктерін Қазақстанның 20 қаласындағы 36 ресми дилерлік орталықтан сатып алуға болады. Жаңа UNI-S 4WD моделі туралы толық ақпаратты компанияның ресми сайтынан немесе 7007 байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Келесі материал: Моңғолия Ғылым академиясы «Шыңғыс хан» орденімен марапатталды
