Алматы спортшылары Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына 22 медаль салды. Қала өкілдері 15 спорт түрінен жүлдеге ие болып, ұлттық құраманың жалпы нәтижесіне елеулі үлес қосты, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінң баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары өтті. Додаға Азияның 45 елі мен өңірінен спортшылар қатысты.
Жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алды. Жалпы жүлде саны – 84. Ұлттық құрама сапындағы 558 спортшының 122-сі Алматы атынан өнер көрсетті.

Алматы спортшылары тарихи нәтижелерге жетті
Азия ойындарында алматылық спортшылар бірқатар спорт түрінен Қазақстан үшін маңызды нәтижелерге қол жеткізді.
Таеквондодан 58 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Тамирлан Тілеулес алтын медаль жеңіп алды. Осылайша ол Қазақстан тарихында Азия ойындарында таеквондодан чемпион атанған алғашқы спортшы болды.
Спорттық құзға өрмелеуден Дамир Тоқтаров Қазақстанға Азия ойындарындағы осы спорт түрінен алғашқы медальді әкелді. Ол қола жүлдемен қатар 4,76 секунд нәтижесін көрсетіп, ұлттық рекорд орнатты.
Еркін жаттығудан күміс медаль алған Милад Карими де тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл Қазақстанның аталған спорт түрінен Азия ойындарындағы 32 жылдағы алғашқы жүлдесі болды.
Қазіргі бессайыстан Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов командалық есепте қола жүлде иеленді. Нәтижесінде Қазақстан осы спорт түрінен 16 жылдан кейін Азия ойындарының жеңіс тұғырына қайта көтерілді.
Бокс пен жеңіл атлетикадан да жүлде бар

Алматы өкілдері жеңіл атлетикадан екі медаль жеңіп алды. Кристина Морозова 21,095 шақырымдық спорттық жүрістен күміс жүлдегер атанса, Полина Иванова сырықпен секіруден қола медаль иеленді.
Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Алуа Балқыбекова 51 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды. Бұл спортшының Азия ойындарына алғашқы қатысуы болды.
Байдарка және каноэде ескек есуден Татьяна Токарницкая екі жүлде алды. Ол 500 метр қашықтықтағы жұптық жарыста күміс, ал әйелдер арасындағы төрттік құрамында қола медаль жеңіп алды.
Ауыр атлетикадан Аянат Жұмағали күміс жүлдеге ие болды. Семсерлесуден командалық жарыста София Николайчук, Дарья Самоделкина және Нұрмұхаммед Жайлыбай қола медаль иеленді.
Жекпе-жек спорттарынан да жүлделер

Дзюдодан аралас командалық жарыста Ғұсман Қырғызбаев күміс медаль алды. Еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов, WKF каратэден Бэлла Самашева және таеквондодан Рита Бакишева қола жүлдегер атанды.
Джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков күміс, Жібек Құлымбетова қола медаль жеңіп алды. Оқ атудан Ислам Сәтбаев пен Арина Малиновская да қола жүлдеге ие болды.
Қазақстанның су добынан ерлер құрамасы күміс медаль алды. Команда сапында Алматының алты өкілі – Алексей Шмидер, Мұрат Шәкенов, Руслан Ахметов, Темірлан Балфанбаев, Михаил Рудай және Рустам Үкіманов өнер көрсетті.
Осы нәтижелер Алматының жоғары жетістіктер спортындағы орнын және ұлттық құрама үшін спортшылар даярлаудағы рөлін көрсетті. Қала өкілдерінің 22 медалі Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы жалпы нәтижесіне елеулі үлес қосты.
Келесі материал: Гуйчжоудың «жасыл гауһары»: Орталық Азия журналистері Либоның «Жеті кіші аркасын» аралады
