Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиында инфрақұрылым нысандарын салу, қаланы цифрландыру, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындардың табысын арттыру мәселелері қаралды. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағдары – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Біздің жұмысымыз алматылықтардың табысын арттыруға және қаладағы өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталуға тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Әкімнің айтуынша, биыл Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты есебінен жалпы құны 238 млрд теңге болатын 14 қалалық жобаға қолдау көрсетілген. Оның ішінде 76 млрд теңгеге бағаланған жеті әлеуметтік жоба және 161,7 млрд теңгелік жеті инфрақұрылымдық жоба бар.
Жобалар қатарында медициналық мекемелер мен Қазақстан гимнастика федерациясының ғимараты, коллекторлар мен «Ақсай» су тарту нысаны, метро желісін «Барлық» базарына дейін ұзарту және Солтүстік айналма көшесін салу бар. Сондай-ақ Алматы тау кластерінің инженерлік инфрақұрылымы мен аспалы жолдарын салу жоспарланған.
Дархан Сатыбалды орынбасарларына әр жобаның орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар жұмыс кестесін әзірлеп, құрылыс мерзімдерінің сақталуын, жұмыс сапасы мен құнының бақылауда болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
«Тиісті басқармалар алдағы жылдары салынатын нысандар үшін жер телімдерін, техникалық шарттар мен жобалық құжаттаманы алдын ала дайындауы қажет», – деді Дархан Сатыбалды.
Кеңесте қаланың цифрлық егізін құру мәселесі де қаралды. Бұл жүйе инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар мен көлік жүктемесі туралы деректерді біріктіріп, қаланың дамуын жоспарлауға пайдаланылмақ. Әкім цифрлық шешімдердің тиімділігін және оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды бағалауды тапсырды.
Жол инфрақұрылымына қатысты құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Жаңадан төселген асфальтты қайта қазуға жол бермеу үшін жол жөндеу жұмыстарын инженерлік коммуникацияларды тарту кестесімен үйлестіру міндеті қойылды.
Сумен жабдықтау саласында желілердегі су шығынын азайту, цифрлық есепке алу жүйесін енгізу және автокөлік жуу орындарын қоса алғанда, түрлі нысандарда суды қайта пайдалану мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Бұдан бөлек, қала әкімі құрылыс материалдарын, металл құрылымдарын және инженерлік жабдықтар өндіретін жергілікті кәсіпорындардың тізімін жасауды тапсырды. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әкімшілік кедергілерді азайту және 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге ұсынылып отырған үш жылдық мораторийдің шарттары бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет.
Кеңесте Салық кодексін қолдануға қатысты мәселелер де қаралды. Экономика және қаржы басқармасына Мемлекеттік кірістер департаментімен және кәсіпкерлермен бірлесіп, туындаған мәселелерді жинақтау, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігімен ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.
Сонымен қатар Алматы әкімі тұрғындарды жаңадан ашылатын жұмыс орындарына, соның ішінде инфрақұрылымдық құрылыс нысандарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу міндетін қойды.
Кеңес қорытындысы бойынша қалалық басқармалар мен аудан әкімдеріне үш күн ішінде Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі қалалық жоспарға ұсыныстар енгізу тапсырылды. Экономика және қаржы басқармасы әкім аппаратымен бірлесіп, бір апта ішінде жауапты тұлғалар, орындалу мерзімдері мен күтілетін нәтижелер көрсетілген жиынтық құжат әзірлеуге тиіс. Ал әкімнің жетекшілік ететін орынбасарларына жоспардың орындалуын тоқсан сайын бақылау жүктелді.
Келесі материал: Бішкекте Қытайдың Шыңжаң өңіріне арналған көрме ашылды«Әрбір басшы бағыты бойынша нәтижеге жауап береді. Біздің жұмысымыздың басты өлшемі – нысандарды уақытылы пайдалануға беру, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру», – деп сөзін түйіндеді Дархан Сатыбалды.
