Алматы халықаралық әуежайы мен SCAT әуе компаниясы Түрксіб ауданы әкімдігінің қолдауымен споттинг алаңында жаңа авиациялық тақырыптағы фотоаймақты таныстырды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Алматы әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
29 шілдеде өткен салтанатты ашылу рәсіміне Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Наиль Лебаев және «SCAT әуе компаниясы» АҚ вице-президенті Владимир Сытник қатысты. Іс-шара аясында символикалық лента қиылып, жаңа фотоаймақтың ресми ашылуы өтті.

Айта кетейік, қазіргі споттинг алаңының орнында бірнеше жыл бұрын бос жатқан аумақ болған. 2024 жылы Түрксіб ауданы әкімдігі бұл жерді абаттандырып, тұрғындар мен авиация әуесқойлары жиі келетін қоғамдық кеңістікке айналдырған.
Жобаның жалғасы ретінде Алматы халықаралық әуежайы, SCAT әуе компаниясы және Түрксіб ауданы әкімдігі аумақты қосымша көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, жаңа тақырыптық фотоаймақты іске қосты. Мұнда ағаштар мен бұталар отырғызылып, демалыс аймағы келушілер үшін бұрынғыдан да жайлы әрі тартымды бола түсті.
Жаңа фотоаймақ келушілерге ұшып-қонатын әуе кемелерінің аясында есте қаларлық суретке түсуге мүмкіндік береді. Бұл орын авиация әуесқойлары, споттерлер, Алматы тұрғындары мен қала қонақтары үшін жаңа тартымды орындардың біріне айналмақ.

Іс-шара барысында Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Көсе жобаның маңыздылығына тоқталды.
«Түрксіб ауданының әкімдігімен және серіктесіміз — SCAT әуе компаниясымен бірлесіп, авиацияға арналған жаңа тақырыптық фотоаймақ жасадық, аумақты абаттандырып, жаңа ағаштар мен жасыл желектер отырғыздық. Мұның бәрі осы споттинг алаңын тұрғындар мен қала қонақтары үшін бұрынғыдан да жайлы әрі тартымды етуге бағытталған», – деп атап өтті.
Жоба Түрксіб ауданы әкімдігі, Алматы халықаралық әуежайы және SCAT әуе компаниясының бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қалалық ортаны дамытуға, авиация мәдениетін дәріптеуге және жергілікті қауымдастықтардың дамуына ықпал етеді.
