Алматыда 2–11 тамыз аралығында Халықаралық жастар күніне орай ALMA LOVE 2026 қалалық жастар фестивалі өтеді. Фестиваль аясында қаланың әртүрлі аудандарында білім беру, шығармашылық, спорт, экология және еріктілік бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам адамның қатысуы күтіледі. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Биылғы фестиваль «Қала сенен басталады. Город начинается с тебя» ұранымен өтеді. Жобаның басты мақсаты – жастардың қаланың дамуына деген жауапкершілігін арттыру, қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және азаматтық белсенділікті дамыту.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, ALMA LOVE 2026 аясында экологиялық жауапкершілік, үнемшілдік қағидаттары, өзара сыйластық және жасампаздық мәдениетін насихаттауға басымдық беріледі.
Фестиваль EcoVibe экологиялық челленджімен басталады. Қатысушылар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарына қатысады. Сонымен қатар комьюнити орталықтарда қаржылық сауаттылық, экология, саналы тұтыну және азаматтық белсенділік тақырыптарына арналған LEVEL UP білім беру ойындары өтеді. Арбатта Avenue Talent жобасы аясында жас музыканттар, ақындар мен орындаушыларға арналған ашық сахна ұйымдастырылады.

Бағдарламадағы маңызды шаралардың бірі – ALMA LOVE Talks форумы. Онда жас кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар мен қоғам қайраткерлері өз тәжірибесімен бөліседі.
Фестиваль аясында Сайран жағалауындағы ашық аспан астындағы кино көрсетілімі, JasAlmaty Cup – 2026 футбол турнирі, Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі, «Жағалаудағы Абай» жобасы және «UNICEF Жастар форумы – 2026» халықаралық форумы да өтеді.
Фестиваль 11 тамыз күні «Шабыт» жазғы амфитеатрындағы мерекелік концертпен аяқталады. Концертте танымал өнерпаздар өнер көрсетіп, белсенді жастар марапатталады. Кештің басты қонағы – Айқын Төлепберген.
