«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 48,7 млрд теңгеге бес әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны (ӘКК) қаржыландырды. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге асыл тұқымды мал сатып алуға несие беруге бағытталады деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Қаржыландыруға Ақмола облысындағы «KOKSHE» ӘКК, Жамбыл облысындағы «Тараз» ӘКК, Батыс Қазақстан облысындағы «Aqjaiyq» ӘКК, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Солтүстік» ӘКК және Ұлытау облысындағы «Ұлытау» ӘКК қол жеткізді.
«Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша фермерлер қарыз қаражатын асыл тұқымды мал сатып алуға пайдалана алады. Қаржыландыру мөлшерлемесі жылдық 6%-ды құрайды. Несие сомасы – 5 млрд теңгеге дейін, мерзімі – 84 айға дейін. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең 24 айға дейін беріледі.
«Игілік» және «Береке» кредиттік бағдарламалары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында іске асырылып жатыр. Үкімет бұл жоспарды саланы жаңғырту, оның өнімділігін арттыру және экспорттық әлеуетін кеңейтудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырады.
2026 жылы мал шаруашылығын жеңілдікпен несиелендіруге 300 млрд теңге қарастырылған. Кешенді жоспар аясында саланың түрлі бағыттарын қамтитын «Игілік», «Береке» және «Жайлау» кредиттік өнімдері іске қосылды.
Мал шаруашылығы үшін бұл бағдарламалар ең алдымен малдың сапасы мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Кешенді жоспар мал басын көбейтумен қатар, оның генетикалық әлеуетін арттыруды, асыл тұқымды мал шаруашылығын, мал басын көбейтудің заманауи технологиялары мен өндірістік инфрақұрылымды дамытуды көздейді.
Ал «Жайлау» бағыты жаңа фермалар құруға және жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға арналған. Бағдарлама аясында негізгі құралдарды сатып алуға және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қаржы беріледі.
Осылайша, мемлекеттік қолдау мал шаруашылығының бірнеше бағытын қамтиды. «Игілік» пен «Береке» асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыруға бағытталса, «Жайлау» жаңа фермалар мен репродукторларды нөлден бастап құруға мүмкіндік береді.
«Жайлау» бағыты бойынша жылдық 6% мөлшерлемемен 120 айға дейінгі мерзімге 350 млн теңгеге дейін қаржыландыру қарастырылған.
