Солтүстік Қазақстан облысындағы Kozybayev University базасында Орталық Азиядағы алғашқы Қазақстан-Қытай аграрлық ғылыми орталығы құрылады. Жобаның бірінші кезеңіне 20 млн доллар (шамамен 9 млрд теңге) инвестиция бағытталады. Орталықта ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттеу, заманауи агротехнологияларды сынау және агроөнеркәсіп саласына мамандар даярлау жоспарланып отыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министірлігіне сілтеме жасай отырып.
Бастама Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, озық технологияларды трансферлеуге және бірлескен өндіріс орындарын құруға бағытталған.
Қытайлық серіктестер орталықты орналастыру үшін үш жылға жуық уақыт бойы бірнеше елдің мүмкіндігін қарастырған. Олардың қатарында Малайзия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан болған. Нәтижесінде ғылыми және білім беру инфрақұрылымы қалыптасқан Солтүстік Қазақстан облысы мен Kozybayev University таңдалды.

Университет ректоры Ербол Исакаевтың айтуынша, жоба бойынша дайындық жұмыстары бірнеше кезеңнен өткен.
«Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің жеке қолдауын, университетке және қытайлық серіктестерге көрсеткен ықыласын, ұйымдастыру мәселелерін жедел шешудегі көмегін ерекше атап өткім келеді. Соның арқасында бірнеше ай ішінде 2025 жылғы қарашада ынтымақтастық туралы келісім жасасудан бастап, 2026 жылғы сәуірде университетке 72,5 гектар жер бөлінуіне және мамыр айында алғашқы тәжірибелік егіс жұмыстарының жүргізілуіне дейінгі кезеңді еңсердік. Қыркүйек айында алғашқы нәтижелерге қол жеткіздік.
Бұл – университет пен өңірлік билік органдарының өзара іс-қимылы халықаралық келісімдерді нақты инвестициялық жобаларға айналдыра алатынының үлгісі», – деді Ербол Исакаев.
Орталықта қандай технологиялар зерттеледі?
Жаңа ғылыми орталықтың аумағында бірнеше нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында ғылыми-зерттеу зертханалары, селекция және тұқым шаруашылығы орталығы, жылыжайлар, оқу-тәжірибелік кешен, қайта өңдеу және логистикалық нысандар бар.
- Ғылыми жұмыстың негізгі бағыттары:
-
— ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығару және жергілікті климатқа бейімдеу;
— заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сынақтан өткізу;
— дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу;
— жасанды интеллект пен биотехнологияларды қолдану;
— су үнемдеу технологияларын дамыту.
Бұдан бөлек, болашақта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тыңайтқыштар мен биопрепараттар өндіру және экспортты дамыту көзделген. Орталықта агроөнеркәсіптік кешенге қажетті мамандар да даярланады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық серіктестік кеңейеді
Жоба 18–19 қарашада өтіп жатқан «Хэнань – Солтүстік Қазақстан облысы» бизнес-форумының негізгі тақырыптарының біріне айналды. Іс-шараға Henan Agricultural Investment Group компаниясының өкілдері және Қытайдың Хэнань провинциясындағы 20-дан астам ірі аграрлық кәсіпорын қатысып жатыр.
Henan Agricultural Investment Capital Co., Ltd. компаниясының бас директоры Чэнь Хуайань екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы үлкен мүмкіндік ашатынын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы – біздің серіктестігіміздің ең маңызды бағыттарының бірі. Өңірдің табиғи ресурстарын қытайлық сорттармен, технологиялармен, жабдықтармен және нарықтармен ұштастыру бірлескен жұмыс үшін кең мүмкіндіктер ашады», – деді ол.
Қытайлық компанияның стратегиясы «1+2+N» моделіне негізделген. Ол қойма кешендерінің желісін, ғылыми және агроөнеркәсіптік өңдеу бағытындағы екі индустриялық паркті, сондай-ақ логистика мен қаржы салаларындағы сервистік платформаларды қамтиды. Қазан айында Henan Agricultural Investment Group Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
Бизнес-форум аясында қытайлық инвестициялық компания мен Kozybayev University бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Ендігі кезеңде ғылыми орталықтың инфрақұрылымын қалыптастыру және бірлескен зерттеулерді бастау жоспарланып отыр.
Жоба толық іске асқан жағдайда, Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық ғылым мен өндірісті ұштастыратын жаңа алаң қалыптасады. Бұл ғылыми әзірлемелерді шаруашылықтарға енгізуге, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және өңірдің инвестициялық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Азық-түлік құрамындағы антибиотиктер: оларды ет пен сүттен анықтауға бола ма?
