Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Anadolu Group холдингінің басқарма төрағасы Камил Сүлейман Языджимен кездесу өткізді деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы өндірісті одан әрі дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, спирт өнімдерінің жекелеген түрлеріне қатысты акциздік саясатты жетілдіру, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін дамыту және құрамында қанты бар сусындарға салық енгізу мәселелері сөз болды.

Сонымен қатар Anadolu Group құрамындағы Efes Kazakhstan және Coca-Cola İçecek Kazakhstan компанияларының еліміздегі қызметі мен жаңа инвестициялық бастамаларына назар аударылды. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындар Қазақстанда 10 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр.
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады. Серік Жұманғарин қазақстандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарын халықаралық компаниялардың өндірістік тізбегіне, әсіресе орау, логистика және көлік салаларына кеңінен тартудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Үкімет Anadolu Group-тың қолданыстағы және жаңа инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
