Бішкекте 31 тамызда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ал негізгі спорттық және мәдени шаралар 2–6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысында ұйымдастырылады. Биыл жарысқа 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Бұл туралы SteppeNews.kz Кактус — қа сілтеме жасап хабарлайды.
Ойындар қашан басталады?
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты 31 тамызда Бішкектегі жаңа «Бішкек Арена» стадионында өтеді. 51 мың көрерменге арналған нысан қазіргі уақытта салынып жатыр.
Ашылу рәсімі стадионның ресми ашылуы болып саналмайды. «Бішкек Арена» қырғызстандық көрермендер үшін 5 қазанда ресми түрде ашылады деп жоспарланған. Ал негізгі спорттық жарыстар, мәдени бағдарлама және жабылу рәсімі 2–6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысында өтеді.

Қандай жарыстар болады?
Биыл спортшылар 43 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында ұлттық ойындар, ат спорты, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату, зияткерлік ойындар және құсбегілік пен аңшылыққа байланысты сайыстар бар.
Бағдарламаға биыл жаңа спорт түрлері де енгізілді. Олардың қатарында тыйын еңмей, көкпар, стронгмен және бурят халқының дәстүрлі ойыны бар.
Қазақстан мен Қырғызстан арасында талқыланған көкпар мәселесі де шешімін тауып, жарыс бағдарламасына көкпар да, көкбөрү де енгізілді. Қырғызстан бұл екі бағыт бойынша жеке құрамаларын жасақтайды.
Мәдени бағдарламада не бар?
Ойындардың мәдени бағдарламасы көшпелі халықтардың тарихы мен дәстүрін таныстыруға бағытталған. Негізгі мәдени алаңдардың бірі – Қырчын шатқалы. Мұнда дәстүрлі садақ ату, салбуурун және ордо ойындары өтеді.
Этноорталықта жүздеген әртіс, каскадер және музыканттың қатысуымен театрландырылған қойылым ұйымдастырылады. Сонымен бірге «Башат» дәстүрлі музыка фестивалі өтіп, манасшылар, фольклорлық ансамбльдер мен ұлттық аспапта орындаушылар өнер көрсетеді. Бағдарлама аясында этникалық сән көрсетілімдері де ұйымдастырылады.
Ойындарға қанша ел қатысады?
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден шамамен 3 мың спортшы қатысады.
Биыл Австралия, Жаңа Зеландия, Алжир, Бурунди, Гамбия, Иордания, Мысыр, Кабо-Верде, Кот-д’Ивуар, Оман, Уганда, Эфиопия және Солтүстік Македониядан спортшылар алғаш рет келеді.
Салыстырмалы түрде, 2018 жылы Қырғызстанда өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 84 елдің өкілдері қатысқан. Ол кезде жарыстарды 50 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Биыл ұйымдастырушылар шамамен 100 мың қонақ келеді деп болжап отыр.
Қырчын шатқалында этноқалашық салынып жатыр
Ойындарға дайындық барысында Қырчын шатқалында «Көшпенділер әлемі» атты этномәдени қалашық бой көтеріп жатыр. Жоба аясында тарихи сәулет үлгісіндегі 21 жеңіл этноүй салынады. Қоғамдық тамақтану аумағында дәстүрлі тағамдар әзірленетін шамамен 40 саз балшықтан жасалған үй тұрғызылуда.
Этноқалашықта «Хан Ордо» орталық сахнасы орналасады. Сондай-ақ көрермендерге арналған трибуналар жаңғыртылып жатыр.

Инфрақұрылым да жаңартылуда
Көшпенділер ойындары қарсаңында Қырғызстанда жол және көлік инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. «Манас» халықаралық әуежайында жаңа терминал салынды. Сонымен қатар әуежай маңындағы алаң, автотұрақтар, жолдар мен инженерлік желілер жаңғыртылуда.
Ыстықкөл облысында Шолпон-Ата, Қара-Ой, Сары-Ой және Қорумду елді мекендеріндегі жолдар жөнделіп жатыр. Шолпон-Атада ұзындығы 15 шақырымнан асатын айналма жол салынуда.
Тамчы ауылындағы «Ыстықкөл» әуежайы да жаңғыртылып, ойындар кезінде қатысушылар мен шетелдік қонақтарды қабылдайтын негізгі көлік нысандарының біріне айналады.
Жүлде қоры қанша?
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлде қоры 64 миллион сомды құрайды.
Ал спорттық бағдарламаның жалпы бюджеті 334,2 миллион сом көлемінде белгіленген. Бұл қаражат спортшылардың тұруы мен тамақтануына, киім-кешегіне, жабдықталуына, дайындық жиындарына, іріктеу жарыстарына және жүлде қорына жұмсалады.
Ашылу салтанатына билетті қайдан алуға болады?
Ашылу салтанатына билеттерді сату 11 тамызда басталды. Билеттердің бағасы орын мен секторға байланысты 5–9 мың қырғыз сомы аралығында.
Билеттерді ресми сайттан сатып алуға болады. Ашылу рәсіміне келетін көрермендерге «Бішкек Аренаға» жеке көлікпен баруға рұқсат берілмейді. Оның орнына арнайы белгіленген орындардан тегін автобустар қатынайды.
Ал ойындардың спорттық, мәдени және ғылыми шараларының басым бөлігі көрермендер үшін тегін болады. Ақылы негізде негізінен ашылу және жабылу рәсімдері өтеді. Көкбөрү жарыстарына да билет енгізілуі мүмкін.
