Қырғызстанда Бішкек – Нарын – Торугарт автожолының 123-шақырымында орналасқан Шу өзені арқылы өтетін көпірге бұрынғы көлік министрі Қыдырма Орозалиевтің есімін беру ұсынылды. Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды деп жазады, SteppeNews.kz 24kg сайтына сілтеме жасап.
Заң жобасына қоса берілген негіздемеде бұл бастама Қыдырма Орозалиевтің Қырғызстанның көлік саласын дамытуға, жол құрылысы мен инфрақұрылымды өркендетуге қосқан үлесін мойындау мақсатында ұсынылғаны айтылған.
Қыдырма Орозалиев еңбек жолын автобаза механигі болып бастаған. 1962 жылдан бастап Қырғыз КСР Көлік министрлігі жүйесінде қызмет атқарып, аға диспетчер, автобаза басшысы және министрдің орынбасары лауазымдарына дейін көтерілген.
1979–1987 жылдары Көлік министрлігін басқарған.
Оның басшылығы кезінде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Нарын өзені арқылы өтетін екі көпір, Бішкек – Нарын – Торугарт тасжолының 123-шақырымындағы Шу өзені арқылы өтетін көпір, «Манас» әуежайына апаратын жол және Бішкек – Чым-Коргон айналма жолы салынған.
Сонымен қатар оның қатысуымен Тоқмақ қаласындағы автожөндеу зауыты қайта жаңғыртылып, Новопокровка ауылындағы өндірістік база дамытылған. Ош пен Балықшы қалаларында әрқайсысы 250 көлікке арналған жүк автокөлік базалары құрылған.
Зейнетке шыққаннан кейін де Орозалиев қоғамдық және мемлекеттік қызметін жалғастырған. Ол қалалық кеңес пен Жогорку Кенеш депутаты болып сайланған. Негіздеме құжатында қазіргі уақытта Ардагерлер кеңесін басқаратыны көрсетілген.
Заң жобасының авторлары көпірдің бұрынғы министрдің кәсіби қызметімен тікелей байланысты екенін атап өткен. Себебі нысан оның қатысуымен салынған. Бастамашылардың пікірінше, көпірге Орозалиевтің есімін беру елдің көлік инфрақұрылымының даму тарихын және оны қалыптастыруға үлес қосқан тұлғаларды есте сақтауға мүмкіндік береді.
Құжатта заң қабылданған жағдайда республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет болмайтыны да көрсетілген. Қосымша шығындар тек көпірдің жаңа атауы жазылған ақпараттық тақтайшалар мен жол белгілерін дайындауға және орнатуға байланысты туындауы мүмкін.
Келесі материал: Алматының үш туристік нысаны әлемдік үздік рейтингке енді
