Алматыда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап шығарындылар деңгейі төмен аймақта (LEZ) көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін қаладағы көмір базаларына теміржол арқылы отын жеткізуді тоқтату көзделген. Бұл мәселе Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды деп жазады, SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жиында Алматыдағы көмір базаларын Алматы облысының аумағына көшіру жөніндегі тапсырманың орындалу барысы талқыланды. Бұған дейін тиісті тапсырма берілгеніне қарамастан, кейбір базаларда көмір түсіру және сату жұмыстары әлі де жалғасып жатқаны айтылды.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта қаладағы көмір базаларында шамамен 24 мың тонна отын сақтаулы. Оның 22,8 мың тоннасы, яғни 95 пайызы кірпіш зауыттарына арналған ұсақ фракциялы көмір. Қолданыстағы көмір алаңдарын жалға алу шарттарын бұзу жұмыстарын 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған.

Көмір базаларын көшіру жұмыстары Алматыдағы атмосфералық ауаның ластануын азайтуға бағытталған шаралар аясында қолға алынған. Бұдан бөлек, қаладағы шағын және орта бизнес нысандарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жалғасып келеді.
«Eco Almaty» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, газға көшіру бағдарламасына енгізілген 2 395 нысанның 1 879-ы газға қосылған. Ал қалған 516 нысан әлі күнге дейін қатты отын пайдаланады.
Бұл нысандарды газға ауыстыру жұмыстары атмосфералық ауаны қорғау талаптарын ескере отырып, шығарындылар деңгейі төмен аймақты (LEZ) кезең-кезеңімен енгізу аясында жалғасуы тиіс.
Сонымен қатар жеке тұрғын үйлерді газ желісіне қосу жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі уақытта Алматының жеке секторын газдандыру деңгейі 99,6 пайызға жеткен. Бұл жеке тұрғын үйлердің басым бөлігін табиғи газға қосуға техникалық мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Келесі материал: Қырғызстанда Шу өзені арқылы өтетін көпірге бұрынғы көлік министрі Қыдырма Орозалиевтің есімін беру ұсынылды
