Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Көлік министрлігінде Үкімет басшысы Олжас Абайұлының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» тақырыбындағы үш күндік республикалық семинар-кеңестің қорытынды отырысына қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, өңір басшыларының орынбасарлары, компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Жол сапасы мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарында нақты нәтижеге басымдық беру қажеттігін атап өткен болатын. Осыған байланысты жол сапасына қойылатын талаптарды күшейту және саладағы жауапкершілікті арттыру өзекті міндеттердің бірі болып отыр.
Іс-шара барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды күшейту және жолдардың бұзылуына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар нысандардың белгіленген талаптарға толық сәйкес келген жағдайда ғана қабылдануын қамтамасыз етуі қажет.
«Кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықталған жағдайда, оларды мердігерлер өз қаражаты есебінен жоюға тиіс», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Семинар барысында жол жұмыстарының жекелеген кезеңдеріне ғана емес, жергілікті жол желісін басқарудың тұтас жүйесіне де баса назар аударылды.
Басты тапсырмалардың бірі ретінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне бір апта ішінде жергілікті жолдардың сапасын арттыру жөніндегі үш жылдық жоспарларды әзірлеу тапсырылды.
Жоспарлар жол жұмыстарының барлық кезеңін қамтуы тиіс. Атап айтқанда, басым учаскелерді айқындау, жобалау құжаттамасын әзірлеу, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу, олардың сапасын бақылау, сондай-ақ жолдарды кейіннен күтіп-ұстау мәселелері ескерілуі қажет.
Семинар қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісінің сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер айқындалды.
Келесі материал: Ташкентте заманауи өнердің XI халықаралық биенналесі өтеді
