Қазақстанда аэротаксиге коммерциялық рейстерді 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді деп хабарлайды SteppNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз таксилерді пайдалану бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба үш жылға есептелген. Алматыда дрондар арқылы тауар жеткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Астана мен Алатауда аэротаксидің демонстрациялық ұшулары өткізілді. Мұндай аппараттарды пайдалану және қону инфрақұрылымын дамыту үшін заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді.
19 мамырда AutoFlight компаниясы Алатауда демонстрациялық ұшу өткізді. 24 шілдеде AutoFlight Prosperity аппараты «Қазанат» ипподромы аумағында жолаушыларсыз ұшқышсыз ұшу жасады. Аппарат алты адамға дейін тасымалдауға арналған.
Сонымен қатар EH216-S аппараты жолаушымен демонстрациялық ұшу жасады. Ол екі адамға дейін тасымалдай алады. Максималды жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін, ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.
«2027 жылы коммерциялық сапарларды іске қосу және дрон арқылы жеткізу қызметін кеңейту жоспарланып отыр. 2028 жылы аэротаксидің коммерциялық рейстері басталады», – деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар Қазақстанда ұшқышсыз аппараттардың отандық өндірісін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министр әр кезеңде қауіпсіздік пен инфрақұрылымның дайындығы басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда аэротакси мен ұшқышсыз аппараттарға арналған жеке ережелер енгізілетіні хабарланған.
Келесі материал: Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамаға жазылудың жаңа жүйесі енгізілді
