Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді. Осылайша, еліміз Жапония, Германия және Швеция сияқты мемлекеттерден озып, электрондық үкіметі ең жоғары деңгейде дамыған 21 елдің қатарына қосылды. Бұл нәтижеге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту есебінен қол жеткізілген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады SteppeNews.kz.
БҰҰ-ның 2026 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстан екі жыл ішінде рейтингте сегіз сатыға жоғарылаған. Ұйым бұл өсімді көшбасшы мемлекеттер арасындағы ең елеулі ілгерілеулердің бірі ретінде бағалады. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда ең жоғары рейтингтік санатқа енген алғашқы мемлекет атанды.
Аталған санатқа электрондық үкіметі барынша дамыған әлемнің 21 мемлекеті кіреді. Қазақстан қазір Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ-пен бір топта. 2026 жылы бұл санатқа алғаш рет Қазақстан, Ирландия және Польша қосылды.
Екі жыл ішінде еліміз Швеция, Германия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан да жоғары орынға көтерілді. Қазақстанның электрондық үкіметті дамыту индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 0,6675.
Бұдан бөлек, цифрлық мемлекет қалыптастыруда үлгі саналатын Эстония мен Қазақстан арасындағы көрсеткіш айырмашылығы төрт есе қысқарған.
ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш бастап тұр. Әлемдік рейтингте Өзбекстан 32-орынға, Әзербайжан 38-орынға, Ресей 50-орынға жайғасқан.

Қазақстанның цифрлық дамуындағы негізгі өзгерістер
Үкіметтің мәліметінше, рейтингтегі өсім бірнеше бағыт бойынша қамтамасыз етілген. Соның бірі – интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігі.
Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 41-орыннан 13-орынға көтеріліп, телекоммуникациялық инфрақұрылым деңгейі жағынан Эстониямен теңескен.
Сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығы шамамен 1,5 есе артқан. Білім мен дағдылар көрсеткіші бойынша Қазақстан 42-орыннан 28-орынға көтерілді. БҰҰ еліміздің цифрлық үкімет саласындағы құқықтық базасына да ең жоғары баға берген.
eGov арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетілді
Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Үкіметтің хабарлауынша, 2026 жылы жаңа буын eGov платформасы құрылып, оның технологиялық жүйесі жаңартылған.
Мемлекеттік деректер базаларының өзара ықпалдасуы нәтижесінде азаматтарға әртүрлі анықтамалар жинап, құжаттарды қайта тапсыру қажеттілігі азайып келеді. Жүйе қажетті мәліметтерді тиісті базалардан автоматты түрде алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтерді жеке барып алуды қалайтын азаматтар үшін жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары – AI-ЦОН-дар ашылып жатыр. Ал кәсіпкерлерге арналған eGov Business платформасы цифрлық қызметтерді бір ортаға біріктіруге бағытталған.
Ресми дерек бойынша, Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген.
Тек 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында электрондық үкімет арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Олардың үштен екісіне жуығын азаматтар смартфон арқылы алған.
Цифрлық даму мен жасанды интеллектіге басымдық берілді
Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту аясында заңнамалық өзгерістер де енгізілген. Атап айтқанда, азаматтардың цифрлық құқықтарын кешенді түрде реттейтін Цифрлық кодекс қабылданып, «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді.
Сонымен қатар елде alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Қазақстандық суперкомпьютер де TOP500 халықаралық рейтингі бойынша әлемдегі ең қуатты 100 есептеу жүйесінің қатарына кірді.
Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойған. Сондай-ақ 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, БҰҰ рейтингіндегі нәтиже жекелеген жобалардың емес, мемлекеттік басқару жүйесін кешенді жаңғыртудың жемісі.
«Рейтинг біз үшін ешқашан түпкі мақсат болған емес, ол ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесіне айналды. Өйткені БҰҰ жекелеген сайттарды емес, мемлекеттің тұтас қалай жұмыс істейтінін бағалайды», – деді министр.
Оның сөзінше, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу бюрократиялық процестерді азайтып, қызметкерлердің стратегиялық және шығармашылық міндеттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – азаматтар өтініш білдірмей тұрып-ақ олардың қажеттіліктерін анықтап, тиісті мемлекеттік қызметтерді ұсына алатын жүйе қалыптастыру.
Келесі материал: Қазақстан емханаларында пациенттерді қабылдау тәртібі өзгеруі мүмкін
