ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан – Америка» іскерлік дөңгелек үстеліне қатысып, екі ел арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Іс-шара Қазақстан мен АҚШ бизнес қауымдастықтарының байланысын нығайтуға арналды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Жиынға ҚР Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, Президент кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев, АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Куш Чокси және өзге де ресми тұлғалар қатысты.
Серік Жұманғарин өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде ауқымды жаңғырту реформалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл өзгерістер экономиканың тұрақты дамуына, инвестициялық ахуалды жақсартуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

«Ұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. Бұл реформалар орнықты экономикалық өсу мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін берік негіз жасайды. Заң мен тәртіптің конституциялық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, біз елдегі іскерлік ахуалды одан әрі жақсартуға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше мән береміз. 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы шеңберінде сапалы инвестиция тарту жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда. Республиканың халықаралық қатысуы басым инвестициялық нарықтарда Kazakh Invest толыққанды кеңселерін құру есебінен күшейтілетін болады. Бас прокуратура жанынан бизнестің заңды мүдделерін қорғауды және тең жағдайларды қамтамасыз етуге арналған Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сондай-ақ жаңа арнайы визалық режим – Altyn Visa енгізіледі. Оның иелері кірістер мен мүліктерді декларациялаудан, сондай-ақ салық төлеуден босатылады», – деп атап өтті Қазақстан вице-премьері.

Серік Жұманғарин сондай-ақ ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктеріне тоқталып, шетелдік инвесторларға арналған жаңа жобаларды таныстырды.
Өз кезегінде АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон екі ел арасындағы сауда айналымының артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, технологиялық әріптестікті дамытуға басымдық беріп отыр.
Кездесу барысында Қазақстанның инвестициялық әлеуеті де таныстырылды. Бүгінде еліміздің жалпы ішкі өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асады. Өткен жылы экономикалық өсім 6,5 пайызды құраса, 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жеткен.
