Жасанды интеллект саласына мамандар даярлау бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы мақсатта ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің цифрлық құзыреттерін арттыруға және ЖИ технологияларын білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған AI-Sana бағдарламасын жүзеге асырып келеді деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Қарағанды индустриялық университеті аталған бағдарламаға белсенді қатысып, білім алушылардың жасанды интеллект құралдарын меңгеруіне және оларды болашақ кәсіби қызметінде қолдануына мүмкіндік жасап отыр.
Университетте студенттердің ЖИ саласындағы дағдыларын қалыптастыру бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Алдымен білім алушылар цифрлық сауаттылықтың негізгі қағидаларын меңгереді. Одан кейін бейіндік пәндер барысында жасанды интеллект құралдарын пайдалануды үйренеді. Ал IT мамандықтарында оқитын студенттер бағдарламалау, машиналық оқыту және ЖИ технологиялары бойынша терең білім алады.
2025 жылы AI-Sana бағдарламасы аясында қазақстандық студенттер жасанды интеллектпен жұмыс істеудің бастапқы дағдыларын игерді. Ал 2026 жылы бағдарлама мазмұны кеңейтіліп, қатысушылар ЖИ көмегімен бағдарламалау, машиналық оқыту, кәсіпкерлік және жеке жобаларды әзірлеу бағыттарын меңгереді. Үздік жобаларға кейін Astana Hub алаңында акселерациядан өту мүмкіндігі беріледі.
Қарағанды индустриялық университетінде жасанды интеллект тек оқу барысында ғана қолданылмайды. Мұнда студенттер мен қызметкерлерге арналған мультиагентті цифрлық платформа жұмыс істейді. Жүйеге оқу үдерісі, талапкерлерді қабылдау, академиялық ұтқырлық, студенттік іс-шаралар, академиялық адалдық және басқа да бағыттар бойынша арнайы ЖИ-агенттер енгізілген.
Цифрлық экожүйенің негізгі элементі – KarIU Smart Bot зияткерлік платформасы. Әр ЖИ-агент жеке білім базасы бар дербес сервис ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар олар бірыңғай бағдарламалық кешен, орталық пайдаланушылар тізілімі және деректер алмасу жүйесі арқылы байланысқан. Платформа университеттің өз серверлерінде орналасқан.
Сұранысқа ие цифрлық құралдардың бірі – Telegram платформасында жұмыс істейтін Smart Compliance AI-агенті. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат беріп, пайдаланушыларға тестілеуден өтуге, электрондық анықтамалықты қолдануға және түрлі практикалық жағдайлар бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді.
Университет цифрлық сервистерді дамыту үшін Agent Generator атты жеке конструктор да әзірледі. Оның көмегімен құрылымдық бөлімшелер бағдарламашылардың қатысуынсыз жаңа AI-көмекшілер жасай алады. Бұл оқу және әкімшілік үдерістерге цифрлық шешімдерді жылдам енгізуге мүмкіндік береді.
ЖИ-агенттермен жұмыс Telegram-мен ғана шектелмейді. Университетте қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі сұраныстарды дауыспен қабылдап, жауапты мәтін және аудио форматында беретін сенсорлық ақпараттық киоск орнатылған.
Университет қызметкерлеріне арналған басқару панелі ЖИ-агенттердің жұмысын бақылауға, пайдаланушылардың сұраныстарын талдауға, білім базаларын басқаруға және ақпараттық материалдарды жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе жаңа цифрлық көмекшілерді жасап, қолданыстағы сервистерді университеттің қажеттіліктеріне бейімдеуге жағдай жасайды.
Жасанды интеллект оқытушылардың күнделікті қайталанатын жұмыстарын да жеңілдетуге көмектеседі. Мысалы, оқу материалдары мен тапсырмаларды әзірлеу, сондай-ақ кейбір жұмыс түрлерін тексеру автоматтандырылуы мүмкін. Дегенмен студенттердің білімін бағалау жөніндегі соңғы шешімді оқытушы қабылдайды.
ЖИ технологиялары университеттің кампусы мен жатақханаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де пайдаланылады. Зияткерлік бейнеаналитика жүйесі ықтимал төтенше жағдайларды жедел анықтап, қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Қарағанды индустриялық университетіндегі бұл бастамалар білім беру сапасын арттырумен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Студенттер деректерді талдау, сыни ойлау, цифрлық құралдарды пайдалану және жасанды интеллектіні кәсіби қызметте қолдану қабілеттерін дамытып келеді. Бұл AI-Sana бағдарламасының негізгі мақсаттарына сәйкес келеді.
