Алматы Орталық Азиядағы қолөнердің ең ірі әрі жетекші орталығы болуға барынша ұмтылып келеді. SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйене отырып хабарлағандай, шаһардың креативті индустриясы жаңа деңгейге көтеріліп, ұлттық өнерді әлемдік деңгейде брендке айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Алматылық қолөнершілер палатасы» қоғамдық қорының вице-президенті Дәмелі Жанашева мәлімдегендей, қолөнер — жай ғана тарих емес, ұлттық болмысымыз мен тарихи жадымызды сақтайтын басты құрал. Қазіргі таңда Алматыда сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, зергерлер, қыш пен ағаш шеберлері, этнодизайнерлер мен ұлттық аспап жасаудың хас мамандары шоғырланған. Соңғы жылдары Алматының қолөнершілер қауымдастығы дамудың жаңа белесіне шығып, қалаға халықаралық World Craft City («Әлемдік қолөнер қаласы») мәртебесінің берілуі осы бағыттағы ең үлкен жетістікке айналды.
Дәмелі Жанашеваның айтуынша, бұл мәртебе халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, мәдени туризмді жандандыруға және отандық қолөнер брендтерін әлемдік аренада танытуға даңғыл жол ашады. Орталықтың ең басты байлығы — шеберлердің өз ісіне адалдығы. Алматылық қолөнершілер палатасының құрамындағы шеберлердің еңбегі ерекше мақтануға тұрарлық, өйткені олардың қатарында көне әдістер мен заманауи стильді шебер ұштастырып жүрген халықаралық деңгейдегі мандар бар.

Осындай бірегей шеберлердің бірі — KClay Pottery Studio қыш шеберханасының негізін қалаушы, суретші-керамист Сергей Катунцев. Оның жұмыстары дәстүр мен осы заманғы көркемдік көзқарастың мінсіз синергиясын көрсетсе, палата мүшесі Есен Мұхтарұлы дәстүр сабақтастығын үзбей, өз білімін жас ұрпаққа үйретіп, халықаралық көрмелерге белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар, Толяти Зады мен қаланың басқа да шеберлерінің қажырлы еңбегінің арқасында Алматы бүгінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы қолөнердің жетекші хабына айналып отыр.

Палата мүшелерінің арасында Асылбек және Ботагөз Зейнішевалар негізін қалаған DARA Zerger бренді де ерекше орын алады. Олардың шығармашылығы қазақ зергерлік өнерінің ұлттық тамырын сақтай отырып, заманауи дизайнмен қалай құбылуға болатынының жарқын дәлелі іспетті. Мұндай хас шеберлер мәдени мұраны сақтаушы ғана емес, сонымен қатар креативті индустрияның дамуына зор серпін беріп, Алматының Әлемдік қолөнер қаласы ретіндегі халықаралық беделін нығайтып жатыр.
Бүгінде қауымдастық алдында дәстүрлі өнерді тек сақтау ғана емес, оны кеңінен насихаттау және шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту арқылы жастарды ұлттық мәдени мұраны зерделеуге тарту сияқты маңызды міндеттер тұр. Осы мақсатта қалада жастарға арналған арнайы шеберлік сабақтары, білім беру жобалары мен шығармашылық зертханалар ашылған. Палата жетекшілері жас буынның бұл үдеріске тартылуы бірегей білім мен ата-бабадан қалған қолөнер сырларының ешқашан жойылмауына кепілдік беретінін айтады.
