Қырғызстандағы Курумды шыңына шыққаннан кейін байланысқа шықпай қалған үш альпинисті іздеу кезінде олардың денелері болуы мүмкін нысандар анықталды. Бұл туралы 16 тамызда іздеу операциясының жетекшісі Александр Смирнов өзінің facebook парақшасында хабарлады деп SteppeNews.kz хабарлайды.
Оның айтуынша, 16 тамыз күні таңертең дронмен таудың баурайын барлау кезінде қар мен тас массасы көшкен аумақ түсірілген. Бейнежазбаларды талдау барысында бұған дейін альпинистердің жеке заттары табылған жерге жақын маңнан адам денесіне ұқсас сұлбалар байқалған.
Кадрларда адамдардың өзі анық көрінбейді, өйткені аумақтың басым бөлігі қар мен тастардың астында қалған. Дегенмен альпинистік аяқ киімдер, жабдықтар, киім бөліктері және денеге ұқсас нысандар көрінеді. Табылғандардың нақты кімдерге тиесілі екенін тек төменге түсіргеннен кейін анықтап, ресми түрде тануға болады. Қазіргі уақытта альпинистердің отбасыларына ақпарат берілген.
Іздеу барысында үш адамның тауда бір арқанға байланып жүргені анықталған. Бұған дейін олардың әрқайсысына тиесілі заттар да әртүрлі нүктелерден табылған. Бұл топтың бірге қозғалғанын көрсетеді.
Сонымен қатар шамамен 5400 метр биіктіктегі жотадан қар мен тастың жаңа үзіліп түскен аймағы анықталған. Бұған дейін табылған заттардың орналасуына сүйене отырып жасалған құлау траекториялары осы нүктеге қарай бағытталған. Ал одан төмен қарай қазіргі табылған орынға дейін із байқалады. Алайда оқиғаның нақты қалай болғаны әзірге белгісіз.
Тауда ауа райының қайта бұзылуына байланысты құтқарушылар лагері жиналып жатыр. Алдағы уақытта дрон түсірген материалдар толық зерттеліп, табылған нысандарды төменге түсіру операциясы дайындалады. Аймақта қар мен тастардың қайта құлау қаупі болғандықтан, құтқарушылар алдымен қауіпсіздік жағдайын бағалайды.
Еске салайық, Беларусь азаматтары Максим Полянский мен Николай Свиридов және Литва азаматы Сергей Рубцов 2 тамызда Курумды шыңына көтерілген. Олар 4 тамызда базалық лагерьге түсуі керек болған, алайда белгіленген уақытта байланысқа шықпаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осыдан кейін Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен еріктілер іздеу жұмыстарын бастаған. Операцияға қолайсыз ауа райы, қалың қар және төмен көріну деңгейі кедергі келтірді.
Курумды шыңы Ленин шыңынан шығысқа қарай, Чоң-Алай жотасында, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай шекаралары маңында орналасқан. Бұл бағыт альпинизмдегі күрделілігі жоғары бағыттардың бірі саналады.
Іздеу операциясының жетекшісі Александр Смирнов сондай-ақ қаржы жинау жұмыстары тоқтатылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, штаб атынан ақша жинау туралы жаңа хабарландырулар алаяқтық болуы мүмкін.
