Алматы Эстонияның ERR қоғамдық телерадиокорпорациясы әзірлейтін Maitserännak läheb külla («Қонаққа гастрономиялық саяхат») атты туристік-гастрономиялық бағдарламаның жаңа шығарылымына арқау болды. Жоба барысында қала қонақтары Алматының көрікті жерлерімен, ұлттық тағамдарымен, мәдени орындарымен және белсенді демалыс түрлерімен танысты деп жазады, SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Алматыға эстондық аспаздар Роман Защеринский мен Никита Чунихин келді. Сапар барысында олар экстремалды аттракциондары бар «Сұңқар» кешеніне, Көктөбеге, Көк базарға және заманауи өнер музейіне барды.
Сонымен қатар бағдарлама жүргізушілері жылқы етінен дайындалған тағамдар мен қымыздың дәмін татты. Бұдан бөлек, Алматы маңындағы жүзімдіктерді аралап, музыкант Виктор Цойдың өмірімен байланысты орындарды көрді.
ERR — телеарналар, радиостанциялар және цифрлық платформаларды біріктіретін Эстонияның қоғамдық телерадиокорпорациясы. Алматыға арналған шығарылым қаланың туристік әлеуетін шетелдік көрермендерге таныстыруға бағытталған. Бағдарламада мегаполистің танымал орындарымен қатар, жергілікті асханасы мен мәдени өмірі де қамтылған.
Шетелдік телеарналар мен медиа жобаларда Алматы туралы материалдардың жариялануы қаланың халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді. Болжам бойынша, 2026 жылы Алматыға 800 мыңнан астам шетелдік турист келеді. Мұндай телебағдарламалар әлеуетті саяхатшыларға қаланың туристік бағыттары мен демалыс мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға жол ашады.
Келесі материал: Түркиядағы «Мәдениет жолы» фестивалінің қорытынды кезеңі Аданада өтеді
