Алматыда Медеу мен Шымбұлақ тау шаңғысы курорты арасындағы инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысымен іске асырылып жатыр. Оның басты мақсаты – коммуналдық желілердің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, туристік инфрақұрылымның дамуына жағдай жасау деп хабарлайды SteppeNews.kz, Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 5,7 шақырым болатын орта қысымды газ құбыры мен 2,7 шақырым кәріз желісін тарту жоспарланған. Нәтижесінде Медеу – Шымбұлақ бағыты бойында орналасқан нысандар, соның ішінде тау шаңғысы курорты инженерлік желілермен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда мердігер ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарының негізгі кезеңіне кірісті. Мамандар газ құбырының алғашқы бөліктерін төсеп, кәріз желілерін жүргізу және темірбетон құдықтарын орнату жұмыстарын атқаруда. Жобаны 2026 жылдың қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Барлық жұмыс қолданыстағы құрылыс талаптары мен жобалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылуда. Сонымен қатар құрылыс барысында табиғи ландшафтты сақтау және қоршаған ортаға келетін ықтимал әсерді азайтуға басымдық берілген.
Құрылыс жұмыстары жүргізілетін кезеңде жолдың кейбір бөліктерінде уақытша қозғалыс шектелуі мүмкін. Осыған байланысты Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына сапар бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша қолайсыздықтарды ескеруге кеңес беріледі.
