Астанадағы Халықаралық университетте «Әл-Фараби мен Конфуций: ұлы ойшылдар сұхбаты» атты мүсіндік композицияның ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген композиция Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалына сыйға тартылды. Мүсіндік туынды Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени, білім беру және гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын көрсетеді деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек, Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь және Бейжің тіл және мәдениет университетінің вице-президенті, профессор Чжан Баоцзюнь қатысты.

Қазақстан Қытаймен жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Қазіргі таңда екі ел арасындағы байланыс дәстүрлі академиялық алмасумен ғана шектелмей, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға бағытталып отыр. Бұл өз кезегінде студенттер мен жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
«Қазақстанда Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының ашылуы – осы жаңа кезеңнің жарқын мысалы. Біздің міндетіміз – университеттердің қазақстандық және қытайлық жастар бір-бірін танып қана қоймай, болашаққа арналған шешімдерді бірлесіп қалыптастыратын ортаға айналуын қамтамасыз ету», – деді Саясат Нұрбек.
Әл-Фараби мен Конфуцийдің адамзат өркениетіне қалдырған философиялық және интеллектуалдық мұрасы ортақ құндылықтармен үндеседі. Екі ойшылдың еңбектерінде білім мен даналыққа ұмтылу, білімді құрметтеу, адамгершілік қағидаттарды сақтау және үйлесімді қоғам қалыптастыру идеялары маңызды орын алады.
Астанада екі ұлы ойшылға арналған композицияның бой көтеруі олардың философиялық мұрасының сабақтастығын ғана емес, Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы мәдени және рухани байланысты да білдіреді. Бұл байланыстың тарихи тамыры ғасырлар бойы екі елді сауда, мәдениет, білім және идеялар алмасуы арқылы жалғаған Ұлы Жібек жолымен сабақтас.

Бүгінде тарихи байланыстар жаңа мазмұнмен толықтырылып, жоғары білім, ғылым және инновация салаларындағы ынтымақтастықпен жалғасып келеді.
Қазақстан мен Қытай өзара диалог пен тәжірибе алмасуға, мәдениеттердің ерекшелігін құрметтеуге және білім беру мен ғылым саласындағы серіктестікті нығайтуға ерекше мән береді. Осы бағытта Қытай Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық өркениеттік бастама да маңызды рөл атқарады. Бастама өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен тәжірибе алмасуды, мәдени әралуандылықты құрметтеуді көздейді.
«Жаһандық өркениеттік бастама теңдік, өзара тәжірибе алмасу, диалог және инклюзивтілік қағидаттарына негізделеді. Ол өркениеттер қақтығысы теориясы мен өркениеттік артықшылық идеяларына қарсы бағытталған. Осы арқылы Конфуцийдің «әртүрліліктегі үйлесім» қағидаты мен әл-Фарабидің бейбіт қатар өмір сүру туралы философиялық ұстанымының рухын үндестіреді», – деді ҚХР Елшісі Хань Чуньлинь.
Шара барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы серіктестікті одан әрі дамыту перспективалары да талқыланды. Негізгі бағыттардың қатарында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын көбейту, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты кеңейту, сондай-ақ студенттер мен жас зерттеушілерге арналған жаңа бағдарламаларды дамыту бар.

Астанада орнатылған мүсіндік композиция студенттер мен оқытушыларға білім мен ғылымның, мәдениетаралық диалогтың маңызын еске салатын символға айналмақ. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қытайдың жоғары білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысын көрсетеді.
