29 тамызда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Елжас Отыншиев Huawei компаниясының Корпоративтік сату жөніндегі аға вице-президенті Лео Ченмен кездесті. Тараптар қазіргі ынтымақтастықтың нәтижелерін қорытындылап, Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын технологиялық жаңғыртудың стратегиялық бағыттарын талқылады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кездесуде ҚТЖ-ның логистикалық процестерінің қауіпсіздігін, сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізуге басымдық берілді.
Атап айтқанда, тараптар теміржол көлігіне арналған LTE-R байланыс желісін енгізу мәселесін қарастырды. Бұл технология деректерді үздіксіз беруді қамтамасыз етіп, пойыздар қозғалысын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Деректерді өңдеу орталығын» (ДӨО) құру жобасы талқыланды. Жоспарға деректерді сақтау және өңдеуге арналған жоғары технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру, сондай-ақ аналитикалық жүйелер мен жасанды интеллектті іске қосу үшін Huawei-дің заманауи есептеу карталарын біріктіру кіреді.
Тараптар «Интеллектуалды басқару орталығын» (ИБО) іске қосу мәселесіне де тоқталды. Ахуалдық орталық теміржол желісін нақты уақыт режимінде кешенді бақылауға, технологиялық процестерді визуализациялауға және жедел басқаруға мүмкіндік береді.
Кездесуде ҚТЖ-ның маңызды цифрлық инфрақұрылымын заманауи ақпараттық қатерлерден қорғау үшін арнайы киберқауіпсіздік орталығын құру мәселесі де қаралды.
Тараптардың пікірінше, Huawei-мен стратегиялық әріптестікті дамыту ҚТЖ-ға озық әлемдік тәжірибелер мен инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде компанияның өңірдегі жетекші цифрлық логистикалық операторға айналу үдерісін жеделдетуге бағытталған.
