Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы мен Үндістанның Гандинагар қаласындағы Ұлттық сот ғылымдары университеті (NFSU) арасында қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылды. Жаңа оқу жылында магистратура бағдарламаларына 20 білім алушы қабылданды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарламалардың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек, Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ержан Саденов, NFSU филиалдарының директорлары Навин Кумар Чаудхари мен Пурви Покхариал және NFSU Ми зерттеу зертханасының жетекшісі Четан Мукундан қатысты.
Қандай мамандықтар бойынша оқытады?
NFSU – сот-сараптама ғылымдары, цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік және осыған жақын бағыттарға маманданған Үндістандағы жоғары оқу орындарының бірі. Университет қылмыстарды тергеу мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологияларды қолдану бағытында тәжірибеге ие.
Қазақстан мен Үндістанның жаңа білім беру жобасы құқық қорғау саласына басшылар мен бейінді мамандар даярлауға бағытталған. Бағдарламалар цифрландыру, киберқауіптердің өсуі және жасанды интеллект технологияларының кеңінен қолданылуы жағдайында қажетті құзыреттерді қалыптастыруды көздейді.
Оқу мына үш бағыт бойынша жүргізіледі:
- «Құқық қорғау қызметі»;
- «Цифрлық криминалистика және ақпараттық қауіпсіздік»;
- «Киберқауіпсіздік».
Студенттер цифрлық технологияларды, криминалистикалық талдаудың заманауи тәсілдерін, құқық қорғау органдарына арналған IT-шешімдерді, басқару және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін тереңдетіп оқиды.
Түлектер екі диплом алады
Жобаның негізгі ерекшелігі – бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектердің екі диплом алу мүмкіндігі. Олар Қазақстанның мемлекеттік үлгідегі дипломымен қатар, Үндістанның Ұлттық сот ғылымдары университетінің дипломына ие болады.
Сабақтар, зертханалық жұмыстар мен жобаларды қорғау ағылшын тілінде өткізіледі. Білім беру процесінде ECTS кредиттік жүйесі қолданылады.
Академиялық ынтымақтастық аясында білім алушылар Үндістандағы серіктес университетте тағылымдамадан өтіп, шетелдік сарапшылардың дәрістеріне қатыса алады. Бұл оларға теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
«Бұл жоба – Қазақстан мен Үндістан арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастамалардың бірі. Бұл жай ғана білім беру бағдарламалары емес. Бұл – қазақстандық және үндістандық білім беру тәжірибесін тоғыстыратын, оқытушылар мен білім алушылардың өзара тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндіктер ашатын ортақ академиялық алаң», – деді Саясат Нұрбек.
Ғылыми ынтымақтастық та дамиды
Қос дипломды бағдарламалардың іске қосылуы екі елдің құқық қорғау саласына цифрлық және технологиялық өзгерістер жағдайында жұмыс істей алатын мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастығын кеңейтеді.
Жобаның негізі 2025 жылғы шілдеде өткен екіжақты келіссөздер барысында қаланды. Сол кезде NFSU өкілдері жұмыс сапарымен Қазақстанға келіп, Сәтбаев университетінде цифрлық криминалистика және киберқауіпсіздік салаларында мамандар даярлау мүмкіндіктерін талқылаған.
Алдағы уақытта тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын, академиялық алмасу бағдарламаларын және ғылыми кадрлар даярлауды жолға қоюды жоспарлап отыр. Басым бағыттардың қатарында цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік, киберқылмысқа қарсы күрес, құқық қорғау қызметінде жасанды интеллект пен заманауи IT-шешімдерді пайдалану бар.
Осылайша, Қазақстан мен Үндістан арасындағы серіктестік қос дипломды бағдарламалармен ғана шектелмей, білім, ғылым және технология салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталып отыр.
