2026 жылғы 24 қарашадағы мәлімет бойынша, Қытай мен Ресей шекарасындағы Хэйлунцзян провинциясында орналасқан Суйфэньхэ өткізу пункті арқылы Қытай – Еуропа бағытында қатынайтын 5 мыңнан астам жүк пойызы өткен. Бұл туралы «Қытай темір жолдары» мемлекеттік корпорациясының Харбин бөлімшесі хабарлады деп жазады, SteppeNews.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Суйфэньхэ өткізу пункті Қытай – Еуропа жүк пойыздары қозғалысының «Шығыс дәлізіндегі» маңызды бекеттердің бірі саналады. Аталған бағыт бойынша жүк тасымалы 2018 жылғы тамызда іске қосылған. Содан бері осы өткізу пункті арқылы өтетін пойыздар саны жыл сайын артып келеді.
Сонымен қатар пойыздармен тасымалданатын тауар түрлері де көбейіп, олардың ассортименті әртараптандырылған.
Бұған дейін Суйфэньхэ арқылы негізінен күнделікті тұтыну тауарлары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, тоқыма бұйымдары мен металл өнімдері экспортталса, қазір олардың қатарына тұрмыстық техника, коммерциялық көліктер және автомобиль бөлшектері сияқты қосылған құны жоғары өнімдер қосылған.
Импортталатын тауарлар түрі де кеңейген. Алғашында негізінен табақ материалдары тасымалданса, бүгінде химиялық тыңайтқыштар, зығыр тұқымы мен соя бұршақтары да жеткізіледі.
Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа жүк пойыздарының «Шығыс дәлізі» арқылы Польша, Германия және Нидерландты қоса алғанда, 14 шет мемлекетке бағытталған 27 маршрут жұмыс істейді. Бұл бағыттар Қытайдың 60-тан астам қаласын қамтиды.
Келесі материал: 101 күндік күрес: Алматыда дәрігерлер ана мен шала туған сәбидің өмірін сақтап қалды
