Моңғолия 2028 жылы АҚШ-пен тікелей әуе рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе Моңғолияның Жол және көлік министрі Б.Дэлгэрсайхан бастаған ресми делегацияның Вашингтонда АҚШ Сауда және даму агенттігінің (USTDA) Үнді-Тынық мұхиты аймағы бойынша өңірлік директоры Веринда Файкпен кездесуінде талқыланды деп жазады, SteppeNews.kz montsame.mn cайтына сілтеме жасап.
Келіссөздер барысында екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын іске қосуға дайындық барысы және көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қаралды.
2023 жылы Моңғолия мен АҚШ үкіметтері арасында әуе тасымалы туралы келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта екі ел арасында тікелей рейстерді ұйымдастыруға қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кездесу барысында министр Б.Дэлгэрсайхан Моңғолия делегациясының АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) және Көлік қауіпсіздігі басқармасымен (TSA) жүргізген келіссөздері туралы мәлімет берді.
Оның айтуынша, Моңғолия 2027 жылдың төртінші тоқсанында FAA тарапынан техникалық бағалау жүргізіліп, қажетті дайындық шаралары аяқталғаннан кейін, 2028 жылы тікелей әуе рейстерін іске қосуды көздеп отыр.
Өз кезегінде Веринда Файк АҚШ Сауда және даму агенттігі Моңғолиядағы азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау жүйесін бағалап, тиісті ережелер мен стандарттарды, сондай-ақ нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп жатқанын айтты.
Сонымен қатар жоба аясында авиациялық қауіпсіздікті бақылауға жауапты мамандарды оқыту да қарастырылған.
Веринда Файк агенттіктің Моңғолиядағы инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті дайындық жұмыстарын одан әрі қолдауға дайын екенін жеткізді.
Келесі материал: Санжар Ерұланұлы дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионы атанды
