Қазақстандық көрнекті ғалым, антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов 96 жасында өмірден өтті. Ол ғұмырының басым бөлігін қазақ халқының антропологиялық тарихын, этникалық қалыптасуы мен шығу тегін зерттеуге арнаған, деп жазады SteppeNews.kz.
Оразақ Смағұлов 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Кейін антропология саласы бойынша Мәскеуде кәсіби білім алып, 1963 жылы кандидаттық, 1984 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
Ғалымның еңбек жолы 1958 жылы басталды. 1961 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет атқарды. Ал 1973 жылы Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды. Кейін Орталық мемлекеттік музейде, Тәуелсіздік сарайында және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ғылыми жұмыстарын жалғастырды.
Оразақ Смағұловтың негізгі зерттеулері қазақ халқының антропологиялық тарихы, этногенезі, этникалық қалыптасуы мен тарихи сабақтастығын зерделеуге бағытталды. Ол палеоантропология, краниология, соматология, одонтология және дерматоглифика салаларында іргелі зерттеулер жүргізді.
Сондай-ақ ғалым Отырар, Көк-Мардан, Құйрықтөбе, Мардан-Күйік секілді тарихи ескерткіштерден табылған антропологиялық материалдарды зерттеуге атсалысты. Бұдан бөлек, тарихи тұлғалардың антропологиялық бейнесін қалпына келтіру бағытында да еңбек етті.
Ғалымның ғылыми жетістіктері мен отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі бірқатар марапатпен бағаланды. 1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2004 жылы академигі болып сайланды. 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағын алды.
2010 жылы «Құрмет» орденімен, 2019 жылы Халықаралық Түркі академиясының «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.
Оразақ Смағұлов – Қазақстанда антропология ғылымының қалыптасуына негіз қалаған тұлғалардың бірі. Оның қазақ халқының тарихи тамыры мен этникалық сабақтастығын зерттеуге арналған ғылыми еңбектері отандық ғылымның құнды мұрасы болып қала бермек.
Келесі материал: Оралда Қадыр Мырза Әлиді еске алуға арналған тоғызқұмалақ турниріне 400-ге жуық спортшы жиналды
Посмотреть эту публикацию в Instagram
