Бейжің қаласындағы Қазақстан мәдени орталығында Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық және құқықтық ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің қытай тіліне аударылған нұсқасы таныстырылды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жиынға екі елдің дипломатиялық мекемелері, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, заң және баспа салаларының өкілдері қатысты.

Кездесуде гуманитарлық байланыстарды нығайту, бірлескен құқықтық зерттеулер жүргізу және заңгерлік білім беру бағытындағы серіктестікті дамыту мәселелері қаралды.
Қатысушылар Азаматтық кодекстің қытай тіліне аударылуы шетелдік мамандарға Қазақстанның құқықтық жүйесін тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ бұл бастама ғылыми және тәжірибелік байланыстарды дамытуға жол ашады.

Іс-шараға Бейжің тіл және мәдениет университетінің профессоры Лю Шицинь де қатысты. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы университетте білім алған жылдары оған сабақ берген ұстаздарының бірі.

Кездесу қорытындысы бойынша Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы мен Ганьсу саясаттану және құқық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат ғылыми тәжірибе алмасуды, мәдени іс-шаралар ұйымдастыруды және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Айта кетейік, іс-шараны Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы мен Ганьсу саясаттану және құқық университеті Қазақстан мен Қытайдың тоғыспалы мәдениет жылы және университеттің 70 жылдығы аясында бірлесіп ұйымдастырды.
Келесі материал: Моңғолия АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын 2028 жылы іске қосуды жоспарлап отыр
