Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионатында елордалық 14 жастағы Маргарита Ермакова алтын медаль иеленді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады деп жазады, SteppeNews.kz.
Чемпионаттың үшінші жарыс күнінде әйелдер арасында 57, 61, 69 және 77 келі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Маргарита Ермакова жұлқа көтеруде 94 келіні, серпе көтеруде 118 келіні бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 212 келі нәтижемен қарсыластарынан озып, Қазақстан чемпионы атанды.

Аталған салмақта екінші орынды 198 келі нәтижемен Қызылорда облысының өкілі Алтынай Тәңірбергенова иеленді. Ал 197 келі көтерген Қарағанды облысының спортшысы Дарья Балабаюк қола жүлдегер атанды.
«Дәл осы ел чемпионатына арнайы дайындалдым. Сондықтан алдыма қойған жоспарым толықтай жүзеге асты. Енді мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бұдан да биік мақсаттарға ұмтыламын», – деді Маргарита Ермакова.
Айта кетейік, республикалық жарыс елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылып жатыр. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 16 команда құрамында 165 спортшы қатысуда.
Ел біріншілігінде ерлер мен әйелдер сегіз салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Астана қаласының намысын 11 спортшы қорғауда.
Чемпионат 22 қарашаға дейін жалғасады.
Келесі материал: Моңғолия мен Қырғызстан өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді
