Қазақстан мен Қытай автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және жол құрылысына заманауи технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтпек. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасованың Қытай Халық Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институты (RIOH) делегациясымен кездесуінде талқыланды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-техникалық байланыстарды дамыту, озық инженерлік шешімдерді қолдану және автомобиль жолдарының сапасы мен пайдалану мерзімін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Келіссөздерге жол құрылысы, көпірлер, зертханалық сынақтар, инспекция, сертификаттау және интеллектуалды көлік жүйелері бағытында жұмыс істейтін қытайлық мамандар қатысты. Қазақстан атынан Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазжолҒЗИ» АҚ өкілдері болды.
Қытай делегациясы институттың ғылыми-зерттеу бағыттары мен жол инфрақұрылымын дамытуда қолданылатын технологияларын таныстырды. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын салуда цементбетон және асфальтбетон жабындарын пайдалану, олардың тиімділігін бағалау және жол конструкцияларының қызмет ету мерзімін ұзарту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар тараптар климаттық жағдайлардың жол сапасына әсерін азайту, нөсер жауын мен температураның күрт ауытқуына төзімді инфрақұрылым қалыптастыру, халықаралық жүк тасымалдарының қауіпсіздігін арттыру жөнінде пікір алмасты. Көпірлердің техникалық жағдайын цифрлық жүйелер арқылы бақылау, диагностикалау және жөндеу жұмыстарын жоспарлау тәжірибесі де сөз болды.
Кездесу қорытындысында Әсел Жанасова «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ға RIOH институтымен бірлесіп, Цифрлық жолдарды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді тапсырды. Құжатта автомобиль жолдарын ұзақ мерзім сақтауға және жүк тасымалдаушылардың белгіленген салмақ нормаларын сақтауына басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, Астана қаласында «ҚазжолҒЗИ» АҚ мен RIOH арасында бірлескен ғылыми орталық құру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Келесі материал: Алматы BBC Travel нұсқасы бойынша 2027 жылы әлемдегі үздік 20 туристік бағыттың қатарына енді
