Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз АКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болған Жүсіп Әбдірахмановтың (1927–1933) қызметіне арналған ғылыми конференция өтті. Іс-шараға Қырғызстаннан келген тарихшы ғалымдар қатысты. Бұл туралы Қырғызстанның Мәдениет министрлігі хабарлады деп жазады, SteppeNews.kz 24KG сайтына сілтеме жасай отырып.
Конференцияда кеңестік кезеңде қырғыз мемлекеттілігінің қалыптасуына үлес қосқан үкімет басшысының қызметі мен 1932 жылы жүздеген мың қазақ босқынының аман қалуына көмектескен еңбегі туралы баяндамалар жасалды.
Жиын барысында қазақстандық ғалымдар Жүсіп Әбдірахмановтың қазақ халқын құтқаруға қосқан үлесін ескеріп, сондай-ақ қырғыз-қазақ бауырластығын ұлықтау мақсатында оған Қазақстанның Алматы немесе Астана қалаларының бірінде ескерткіш орнатуды ұсынды.
Бұл бастаманы елдің жоғары басшылығына жеткізу жоспарланып отыр.
Келесі материал: Астанада жол құрылысына арналған халықаралық конференция басталды
