Қарағанды медицина университеті AI-Sana бағдарламасы аясында медицина мен білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – дәрігердің жұмысын жеңілдетуге арналған AiMed Voice жобасы деп жазады, SteppeNews.kz.
Жоба аясында дәрігер мен пациент арасындағы әңгімені автоматты түрде өңдеп, құрылымдайтын технология әзірленуде. Оның мақсаты – медициналық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақытты қысқартып, дәрігерлерге пациенттерді тексеру мен клиникалық шешім қабылдауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беру.
Университет оқытушылары мен студенттерінен құралған пәнаралық команда дәрігер көмекшісінің жұмыс істейтін прототипін жасап шықты.
Әзірлеушілер ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауға ерекше мән беріп отыр. Медициналық ақпараттың құпиялығын ескере отырып, жоба әзірге зерттеу және эксперименттік кезеңде жүзеге асырылуда. Оны клиникалық тәжірибеге енгізбес бұрын сенімділігі мен қауіпсіздігі жан-жақты тексерілуі тиіс.
Зерттеу барысында команда медициналық білім беруге арналған «виртуалды пациент» симуляторын әзірлеу бағытын да қолға алды. Бұл цифрлық ортада студенттер науқастың ауру тарихын жинау дағдыларын жетілдіріп, клиникалық ойлау қабілетін дамытады және оқу сценарийлері негізінде шешім қабылдауды үйренеді.
Жоба нақты пациенттердің жеке деректерін пайдаланбайды. Оның орнына жасанды түрде жасалған синтетикалық деректер қолданылады.
AI-Sana бағдарламасына қатысу университетке цифрлық құралдар әзірлеумен қатар, болашақ дәрігерлер арасында технологияларды қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Студенттер жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулерін сыни тұрғыдан бағалауды үйренеді.
Университет алдағы уақытта да пәнаралық зерттеулерді жалғастырып, студенттерді ғылыми жобаларға тартуды және цифрлық шешімдерді оқу үдерісіне енгізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте деректер қауіпсіздігі мен медициналық шешім қабылдауда дәрігердің жетекші рөлін сақтау басты басымдық болып қала береді.
Келесі материал: Қазақ босқындарына көмектескен қырғыз қайраткеріне ескерткіш қойылуы мүмкін
