Астанада XXII халықаралық Kaztraffic-2026 көрмесі аясында «Жолдар және инновациялар» атты екі күндік халықаралық конференция басталды. Жиынға жол саласының өкілдері, халықаралық қаржы институттары, ғылыми ұйымдар мен технологиялық компаниялардың мамандары қатысып жатыр деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Конференцияда автомобиль жолдарын салу, күтіп-ұстау және пайдалану кезінде заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқылануда.
Бағдарламаға Қазақстан, Қытай, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан сарапшыларының 40-тан астам баяндамасы мен сөз сөйлеуі енгізілген. Қатысушылар жаңа әзірлемелерді таныстырып қана қоймай, жол саласында қолданысқа енгізілген және Қазақстанда пайдалануға болатын технологиялық шешімдермен де бөліседі.
Конференцияның алғашқы күні жол инфрақұрылымын цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне арналды. Атап айтқанда, жолдардың жай-күйін автоматты түрде бақылау технологиялары, интеллектуалды көлік жүйелері, қозғалысты басқарудың цифрлық құралдары және көпірлер мен инженерлік құрылыстарды диагностикалау әдістері таныстырылды.

Сондай-ақ қазақстандық E-Joldar жүйесінің мүмкіндіктері, Оңтүстік Кореяның жолдарды бақылауда жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі және Үлкен Алматы айналма автомобиль жолындағы интеллектуалды көлік жүйелері қарастырылды. Бұдан бөлек, көлік ағынын бейнебақылау және талдау технологиялары ұсынылды.
Көпірлерді роботтандырылған құрылғылар арқылы диагностикалау және көлік саласында үлкен тілдік модельдерді (LLM) пайдалану бағытындағы әзірлемелер де таныстырылды. Бұл технологиялар жол инфрақұрылымының жағдайын бақылауға, ақауларды ерте анықтауға және жол желісін басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.
Конференцияның екінші күні жол құрылысының технологиялары мен жол төсемдерінің беріктігін арттыру мәселелері талқыланады. Халықаралық сарапшылар цементбетон жолдарын салу тәжірибесі, жол төсемдерін жөндеу мен күтіп-ұстаудың заманауи тәсілдері, инновациялық асфальтбетон қоспалары, полимер-битум байланыстырғыш материалдар және жол құрылысында қолданылатын жаңа материалдар туралы баяндайды.
Сонымен қатар жолдардың қызмет ету мерзімін ұзарту, жол төсемдерінің климаттық әсерлерге төзімділігін арттыру, құрылыс материалдарының сапасын бақылау және жол жұмыстарының барлық кезеңіне заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне назар аударылады.
Бағдарламада көлік инфрақұрылымын қаржыландыру мәселелері де қамтылған. Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкінің өкілдері жол жобаларын қаржыландыру тәсілдері, FIDIC халықаралық келісімшарт стандарттарын қолдану және Қазақстанның көлік дәліздерін дамыту тәжірибесі туралы ақпарат береді.

Сондай-ақ Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (БАКАД) мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру тәжірибесі қарастырылады.
Kaztraffic-2026 көрмесі аясында конференциядан бөлек салалық семинарлар, стратегиялық кездесулер және отандық әрі шетелдік ұйымдар арасындағы келіссөздер ұйымдастырылған. Бағдарламаның жеке бөлімі Дүниежүзілік жол қауымдастығының (PIARC) қызметі мен жол құрылысындағы сапаны арттыру мәселелеріне арналған.
«Жолдар және инновациялар» конференциясы халықаралық тәжірибе алмасуға, жол саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған технологиялық шешімдерді қарастыруға арналған.
Оқи отырыңыз: Астанада Kaztraffic-2026 халықаралық жол көрмесі өтеді
Келесі материал: Қытай экономикасындағы өзгерістер Моңғолияның сауда саясатына қалай әсер етеді?
