Алматы әкімі Дархан Сатыбалды халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын марапаттады. Азия және Пара Азия ойындарында қала спортшылары 33 медаль иеленген. Оның ішінде 5 алтын, 13 күміс және 15 қола жүлде бар. Бұл туралы SteppeNews.kz хабарлайды.
Жеңімпаздар арасында Қазақстан спортының тарихында алғаш рет ерекше нәтижеге қол жеткізген спортшылар да бар. Наиль Ермұханбет паравелоспорттан Пара Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы болды. Ал Тамирлан Тілеулес таеквондодан Азия ойындарында ел тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алды. Дамир Тоқтаров спорттық құзға өрмелеуден ұлттық құрамаға алғашқы медальді әкелді.
Спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтаған Дархан Сатыбалды спорт инфрақұрылымын дамыту және жас таланттарды қолдау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір баланың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін үнемі атап өтеді. Алматыда біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, кәсіби спортшыларға қолдау көрсетудеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз – таланттың, табандылықтың және күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Чемпиондарды даярлауға зор үлес қосып жүрген жаттықтырушыларға ерекше алғыс білдіремін», – деді Алматы әкімі.
Марапат иелерінің қатарында дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатов, IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Марал Төлепберген және шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы сапында дүниежүзілік олимпиаданың күміс жүлдесін иеленген Алуа Нұрман бар.

Сонымен қатар Азия ойындарында спорттық жүрістен сынға түскен Ясмина Тоқсанбаеваға да ерекше құрмет көрсетілді. Ол марафон қашықтығында табандылық танытып, жарыс жолында жеңіске деген жігерін көрсетті.
Салтанатты шара соңында Дархан Сатыбалды чемпиондарды даярлауға үлес қосқан жаттықтырушыларға алғыс айтып, спортшыларға халықаралық жарыстарда жаңа жеңістер мен табыс тіледі.
Келесі материал: Қазақстанда дәрілік заттар тізбесіне 22 жаңа препарат қосылды
