Қазақстанда «AI-Quryltai» жасанды интеллект платформасының көмегімен балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы заң жобасы әзірленді. Бұл – интеллектуалды жүйеде дайындалған алғашқы заң жобасы, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
«Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai платформасы үлкен көлемдегі деректерді талдап, азаматтардың өтініштерін, ата-аналар мен сарапшылардың ұсыныстарын жинақтаған. Сонымен қатар жүйе халықаралық тәжірибені зерттеп, балаларға цифрлық ортада төнетін қауіптерді анықтауға көмектескен.
Заң жобасымен жұмыс істеу кезінде 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актіні қамтитын деректер базасымен жұмыс істейтін арнайы заңгерлік модель алғаш рет қолданылған. Оның көмегімен балаларды цифрлық және ақпараттық кеңістіктегі жаңа қауіптерден қорғауға бағытталған шаралар қарастырылған.
Сонымен бірге жасанды интеллект депутаттар мен сарапшылардың жұмысын алмастырмайды. Платформа ұсынған барлық бастаманы заң жобасын әзірлеуші депутаттар шақырылған заңгерлер мен цифрлық және ақпараттық қауіпсіздік мамандарының қатысуымен қайта тексеріп, толықтырған.
AI-Quryltai платформасының көмегімен әзірленген алғашқы заң жобасы туралы Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева мен Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті төрағасының орынбасары Екатерина Смышляева мәлімдеді.
Келесі материал: Қытаймен жаңа теміржол өткелі Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады. Оны іске қосқанда нені ескеру маңызды?
